Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері арасындағы гуманитарлық байланысты нығайтуда волонтерлік қозғалыстың маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстанның «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық жобасын өңірлік деңгейде дамытуға болатынын айтты. Оның пікірінше, мұндай бастамалар жастарды адамгершілікке, жауапкершілікке және азаматтық құндылықтарға тәрбиелейді.
Осыған байланысты Президент 2027 жылы «Орталық Азия – ізгі істер мекені» ұранымен жастардың волонтерлік форумын өткізуді ұсынды. Бұл бастама өңір жастарын ортақ игі істер төңірегіне біріктіріп, гуманитарлық ықпалдастықты күшейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі туризмді дамытудың да халықтар арасындағы байланысты арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Осы мақсатта Орталық Азия мен Әзербайжанда өтетін ірі мәдени, ғылыми, спорттық және туристік іс-шаралардың бірыңғай күнтізбесін қалыптастыру ұсынылды.
Мұндай қадам елдер арасындағы туристік ағымды арттырып қана қоймай, шетелдік қонақтарға бірнеше мемлекетті қамтитын бірлескен туристік бағыттарды ұсынуға жол ашады.
Президент өз сөзінде өңірлік ынтымақтастықтағы бастамалардың нақты нәтижеге айналуы керектігіне де назар аударды. Оның айтуынша, 2018 жылдан бері 200-ден астам бастама көтерілгенімен, олардың аз ғана бөлігі жүзеге асқан.
Сондықтан Мемлекет басшысы сыртқы саясат ведомстволарына өңірлік бастамаларды қайта қарап, олардың өзектілігі мен болашағын саралауды ұсынды.
«Бастаманың көп болуы емес, оның нақты нәтижесі маңызды» деген ұстаным Орталық Азия елдерінің алдағы ынтымақтастығының негізгі өлшемдерінің бірі болуы тиіс.
