ТӨЛЕБИДЕ АУЫЗ СУ ТАПШЫЛЫҒЫН АЗАЙТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Леңгір қаласының су жүйесі мен Достық ауылындағы жаңа ұңғымалардың құрылысы зерделенді

Түркістан облысында тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, облыстық мәслихат депутаттары және Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов аудан аумағындағы бірқатар су нысандарын аралап, инфрақұрылымның қазіргі жағдайымен танысты.

Жұмыс сапарының негізгі мақсаты – қолданыстағы су жүйелерінің тиімділігін бағалау, су көздерінің әлеуетін зерделеу және тұрғындарды тұрақты ауыз сумен қамту мәселелерін қарастыру.

Алдымен делегация Леңгір қаласындағы №1, №2 және №3 су жинау резервуарларының жұмысын тексерді. Қаладағы су тұтыну көлемінің артуы қолданыстағы инфрақұрылымның үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді талап етеді.

Бүгінде Леңгір қаласында 37 мыңнан астам тұрғын бар. Қала бойынша тәуліктік су тұтыну көлемі шамамен 12,2 мың текше метрді құраса, жаз мезгілінде бұл көрсеткіш 18,9 мың текше метрге дейін жетеді. Осыған байланысты су қорын тиімді пайдалану және қосымша су көздерінің мүмкіндіктерін арттыру өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Бұдан кейін жұмыс тобы Киелітас ауылдық округіне қарасты Достық елді мекеніндегі №1, №2 және №3 су ұңғымаларын аралады. Мұнда ауыз су тапшылығын азайту мақсатында жаңа ұңғымалар салынуда.

Жобаның жалпы құны 282 миллион теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың қазан айында аяқтау жоспарланған. Жоба толық жүзеге асқаннан кейін елді мекеннің сумен жабдықтау мүмкіндігі кеңейіп, тұрғындарды тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге қосымша жағдай жасалады.

Сапар барысында Қарабастау бұлағындағы жұмыстардың барысы да назардан тыс қалмады. Қатысушылар су көздерін тиімді пайдалану, қолданыстағы жүйелердің сенімділігін сақтау және коммуналдық инфрақұрылымды жетілдіру мәселелерін қарастырды.

Ауыз суға деген сұраныс, әсіресе жаз айларында, айтарлықтай артады. Сондықтан су нысандарының тұрақты жұмыс істеуі, қосымша көздерді игеру және су ресурстарын ұтымды пайдалану – елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз етудегі маңызды міндеттер.

Тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Бұл бастамалар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және ауданның коммуналдық инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді.

Ұқсас жаңалықтар

Жетісайдың жаңа келбеті: 80 гектардағы үлкен құрылыс

Redaktor Arysinfo

Ордабасы ауданынан 2 мың оқушы жазғы сауықтыру лагеріне барады

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МӘМС ЖҮЙЕСІНЕ КӨШУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАНДАНДЫ

berdaly_oraz