ӨНЕРГЕ ҚАНАТ ҚАҚҚАН «ЕРКЕМ-АЙ»

Өнерге деген сүйіспеншілік пен тынымсыз еңбектің арқасында талай жетістікке жетіп жүрген «Еркем-ай» би үйірмесі – Монтайтас ауылының мақтанышына айналған шығармашылық ұжымдардың бірі. Жас бишілердің талабын ұштап, ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп жүрген үйірменің тарихы 2021 жылдан бастау алады.

Соңғы бес жылдан бері Монтайтас ауылдық клубының жанынан құрылған «Еркем-ай» би үйірмесіне жетекшілік етемін. Мәдени ұйымдастырушы ретінде ауылдың мәдени өміріне белсене араласып, жас ұрпақтың өнерге деген қызығушылығын арттыруға айрықша үлес қосып келемін.

Би үйірмесі құрылған сәттен бастап-ақ өнерге құштар балалардың басын қосып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік жасалды. Әрбір жаттығу – ізденіс пен еңбектің, ал сахнаға шыққан әрбір қойылым – дайындық пен табандылықтың нәтижесі. Жетекші мен шәкірттер арасындағы өзара сенім мен ортақ мақсат ұжымның шығармашылық жетістіктеріне жол ашты.

ЖЕҢІСТЕРГЕ ЖЕТЕЛЕГЕН ЕҢБЕК

«Еркем-ай» би үйірмесінің алғашқы ірі жетістіктерінің бірі 2022 жылы Шымкент қаласында өткен «Дарынды жұлдыздар» байқауында тіркелді. Байқауда жүлделі орынға ие болған өнерпаздар Алматы қаласында өтетін келесі кезеңге жолдама алды.

Шәкірттерінің өнері мен талпынысы ақталған бұл сапар ұжым үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Алматы қаласында өткен байқауда бас жүлдені иеленген «Еркем-ай» бишілері кезекті жеңісін атап өтіп, халықаралық деңгейдегі додаларға қатысуға мүмкіндік алды.

Жас өнерпаздар Ташкент қаласында өткен байқауда да жоғары нәтиже көрсетіп, Гран-при жүлдесіне қол жеткізді. Осылайша, ауылдық клуб жанынан басталған шығармашылық жол халықаралық сахнаға шығуға ұласып, ұжым Түркияға жолдама иеленді.

Бұл жетістіктер – тек бишілердің ғана емес, олардың бойындағы өнерге деген құштарлықты оятып, қабілетін шыңдауға күш салған жетекшінің де қажырлы еңбегінің жемісі.

«ЕРКЕМ-АЙ» – ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ОТБАСЫМ

Мен үшін «Еркем-ай» – жай ғана би үйірмесі емес, жүрегіме жақын, шәкірттеріммен бірге талай белесті бағындырған шығармашылық отбасым. Әрбір шәкіртімнің сахнада өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінуі ерекше қуаныш сыйлайды.

Балалардың бойындағы талантты танып, олардың өзіне деген сенімін арттыру, сахна мәдениетін қалыптастыру және өнерге деген құрметін нығайту – үйірме жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Мұнда жас бишілер тек би қимылдарын меңгеріп қана қоймай, тәртіпке, жауапкершілікке, бірлік пен табандылыққа үйренеді.

Өнер жолындағы әрбір жеңіс жаңа міндеттер жүктейді. Сондықтан «Еркем-ай» ұжымы қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмай, алдағы уақытта да шығармашылық ізденісті жалғастырып, жаңа белестерді бағындыруды мақсат етеді.

Ауыл мәдениетінің дамуына үлес қосып, жас таланттардың қанатын қатайтып жүрген «Еркем-ай» би үйірмесі – еңбектің, ізденістің және өнерге деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі. Шәкірттерімнің арманы мен еңбегі тоғысқан өнер ордасының алдағы уақытта да талай биікті бағындырып, көрермендерін жаңа жеңістерімен қуанта береріне сенім мол.

Гүлмира Шөпшекбаева

«Ермем-ай» би ұжымының жетекшісі

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИННОВАЦИЯЛЫҚ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КЕШЕНІ ТАБЫСТЫ ҚЫЗМЕТ ЕТУДЕ

Түркістан – түркі әлемінің экономикалық келісімдері тоғысқан алаң

berdaly_oraz

ТҮРКІСТАНДА ТОҢАЗЫТҚЫШ ӨНДІРІСІ ҚАРҚЫН АЛАДЫ