Түркістан облысында өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келеді. Өңірдегі ірі инвестициялық жобалардың бірі – тоңазытқыш шығаратын зауытты кеңейту жұмыстары жаңа кезеңге қадам басты. Жоба жүзеге асқан жағдайда кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 50 мың данаға дейін ұлғаяды.
Осы бағытта Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «UBC Group» компаниясының құрылтайшысы Игорь Бурдыленкомен кездесу өткізді. Кездесу барысында өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың қазіргі жай-күйі сараланып, оларды одан әрі дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды.
Тараптар өндіріс көлемін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және заманауи технологияларды енгізу бағыттарына ерекше назар аударды. Сонымен қатар, жобаның өңір экономикасына қосар үлесі мен экспорттық әлеуеті де сөз болды.
Зауытты кеңейту – Түркістан облысының индустриялық әлеуетін арттырып қана қоймай, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға да мүмкіндік береді. Бұл бастама аймақтың инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, өндіріс саласының дамуына тың серпін бермек.
Жалпы, мұндай ірі жобалар – өңір экономикасының өсіміне негіз болып, отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады.
