АМЕРИКАЛЫҚ ӘУЕ АЛПАУЫТЫ ТҮРКІСТАНҒА КЕЛДІ: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТРАНЗИТТІК МҮМКІНДІГІ КЕҢЕЮДЕ

Түркістан халықаралық әуежайы халықаралық әуе жүк тасымалы нарығындағы позициясын нығайтып, шетелдік әуе компанияларымен ынтымақтастық аясын кеңейтіп келеді. 16 қазанда әуежайда америкалық National Airlines компаниясының Boeing 777 жүк ұшағына жанармай құю қызметі көрсетілді. Бұл – «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС мен америкалық әуе тасымалдаушы арасындағы келісім аясында жүзеге асқан алғашқы рейс.

Келісімге сәйкес, «ҚазМұнайГаз-Аэро» компаниясы National Airlines әуе кемелеріне Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент және Түркістан қалаларындағы әуежайларда жанармай құю қызметін ұсынады. Бұл серіктестік әуе тасымалдаушысына Қазақстанның бірнеше өңірінде бір жеткізушінің қызметін пайдаланып, рейстерін тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.

Алғашқы рейс Гонконг – Түркістан – Амстердам бағыты бойынша орындалды. Бұл бағыттың өзі Түркістан әуежайының халықаралық жүк тасымалындағы транзиттік маңызын айқындайды. Әсіресе Орталық Азия арқылы ұзақ қашықтыққа жүк жеткізетін әуе компаниялары үшін жанармай сапасы, жеткізілімнің тұрақтылығы және қызмет көрсету сенімділігі аса маңызды.

Түркістан халықаралық әуежайы заманауи инфрақұрылымымен ерекшеленеді. Жүк тасымалы көлемінің артуына байланысты әуежайдың логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге және жаңа халықаралық әуе тасымалдаушыларын тартуға басымдық беріліп отыр. Мұндай серіктестіктер өңірдің транзиттік әлеуетін арттырып қана қоймай, Қазақстанның халықаралық көлік-логистика жүйесіндегі орнын нығайтуға ықпал етеді.

National Airlines – штаб-пәтері АҚШ-тың Флорида штатындағы Орландо қаласында орналасқан әуе компаниясы. Ол жүк және жолаушыларға арналған чартерлік рейстерді орындайды. Компанияның әуе паркіндегі Boeing 747 және Boeing 777 үлгісіндегі кең фюзеляжды ұшақтар коммерциялық, ірі көлемді және арнайы жүктерді тасымалдауға арналған.

Ал «ҚазМұнайГаз-Аэро» халықаралық әуе тасымалдаушыларымен серіктестікті жүйелі түрде дамытып келеді. Қазіргі таңда компания 50-ге жуық шетелдік әуе тасымалдаушысына қызмет көрсетеді.

Америкалық әуе компаниясымен жасалған келісім – Қазақстанның авиациялық қызметтер нарығын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл бастама Түркістанның халықаралық логистикалық бағыттардағы мүмкіндігін кеңейтіп, еліміздің Еуразия кеңістігіндегі сенімді авиациялық хаб ретіндегі әлеуетін арттыруға жол ашады.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан: жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға қарсы рейд өтті

ТҮРКІСТАН: АРЫСТА ӨЗБЕК ЭТНО-МӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ЖҰМЫСЫ ЖҮЙЕЛІ

Redaktor Arysinfo

Түркістанда жанармай бағасы мен қоры қатаң бақылауда