ТҮРКІСТАНДА ҚҰТҚАРУШЫЛАРДЫҢ ЕРЛІГІ ЕЛЕНІП, САЛА МАМАНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

19 қазан – Құтқарушылар күніне орай Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінде салтанатты іс-шара өтті. Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, төтенше жағдайлар саласының мамандары мен ардагерлері қатысты.

Алдымен өңір басшысы арнайы техникалар көрмесін аралап, құтқару қызметінің материалдық-техникалық мүмкіндіктерімен танысты. Мерекелік жиында ол адам өмірін сақтап, төтенше жағдайлардың алдын алу мен салдарын жою жолында аянбай еңбек етіп жүрген құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтады.

«Құтқарушы болу – адам өмірін бәрінен биік қоятын, батылдықты, жоғары кәсібилік пен темірдей тәртіпті талап ететін абыройлы қызмет», – деген Нұралхан Көшеров сала қызметкерлерінің ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбегіне ерекше тоқталды.

Соңғы екі жылда облыстағы өрт сөндіру қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Сондай-ақ қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып, кәсіби шеберлігімен ерекшеленген бірқатар маман марапатталды.

Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Бағдат Чайзада да сала қызметкерлерінің жауапты қызметіне тоқталып, бірқатар маманға марапаттар табыстады.

Өңірде құтқару қызметін күшейту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бүгінге дейін 36 өрт сөндіру автокөлігі сатып алынып, «Ауыл құтқарушысы» бағдарламасы аясында 16 өрт сөндіру бекеті ашылды. Сонымен қатар Ораңғай ауылында және Ленгір қаласында жаңа өрт сөндіру бөлімдері іске қосылды.

Жыл басынан бері облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелеріне 16 мыңнан астам шақырту түсіп, құтқарушылар 139 адамның өмірін сақтап қалды.

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Өнерпаздар патриоттық әндер орындап, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Құтқарушылардың күнделікті қызметі – батылдықтың, табандылықтың және адам өміріне деген жауапкершіліктің айқын үлгісі. Олардың еңбегін бағалау – ел қауіпсіздігі жолында қызмет етіп жүрген жандарға көрсетілген зор құрмет.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан: Заң талабын сақтамаған 22 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарты тоқтатылды

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ «ТҰРАН» КОМАНДАСЫ – ЕЛ ЧЕМПИОНЫ

berdaly_oraz

ШИКІЗАТТАН ШЫҒАТЫН ШЫНАЙЫ ҚҰН: ТҮРКІСТАНДАҒЫ ЖАҢА ЗАУЫТ НЕ ӘКЕЛЕДІ?

Альфия Адамбек