ТҮРКІСТАНҒА 43 МЛН ДОЛЛАРДАН АСТАМ ИНВЕСТИЦИЯ: ӨҢІРДЕ ЖАҢА ЗАУЫТ ПЕН ЖЫЛЫЖАЙЛАР САЛЫНАДЫ

Түркістан облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге және сақтау инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған инвестициялық жобалар қолға алынуда. IX Kazakhstan Global Investment Roundtable аясында өңір әкімдігі үш компаниямен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Жобалар жаңа өндіріс орындарын ашуға, өнім экспортын арттыруға және ауыл шаруашылығының әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Шымкент қаласында Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен халықаралық инвестициялық жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бірқатар шетелдік және отандық инвестормен кездесіп, өңірге капитал тарту мәселелерін талқылады. Келіссөздер нәтижесінде «AGRIMA GROUP» ЖШС, «Shaanxi Silk Road City Holding Group Co., Ltd.» және «MIR AGRO KZ» ЖШС компанияларымен үш инвестициялық жоба бойынша меморандум жасалды.

Арыста 11 млрд теңгелік зауыт салынып жатыр

Өңірдегі ірі жобалардың бірі – Арыс қаласында салынып жатқан өсімдік майын өндіретін зауыт. «AGRIMA GROUP» ЖШС жүзеге асырып жатқан жобаның жалпы құны 11 млрд теңгені құрайды.

Кәсіпорын жылына 165 мың тонна шикізатты өңдеуге қауқарлы болады. Өндіріс іске қосылғанда 150 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазір зауыт ғимаратының құрылысы жүріп, қажетті жабдықтарды жеткізу және монтаждау жұмыстары атқарылуда. Жобаны 2026–2027 жылдары жүзеге асыру көзделген.

Бұл өндіріс ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуге, қосылған құны жоғары өнім шығаруға және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған.

Жетісайда 8 мың тонналық қойма мен өнеркәсіптік жылыжай салынады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өңдеу инфрақұрылымын дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар жоспарланған.

«MIR AGRO KZ» ЖШС-нің құрылтайшысы – Түркияның ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін Gorkem Tarim компаниясы. Түркиялық инвестор Жетісай ауданында сыйымдылығы 8 мың тонналық жеміс-көкөніс сақтау қоймасын салу жобасын жүзеге асыруда. Инвестиция көлемі – 2,2 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары 2026 жылғы маусымда басталған, нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, компания 2027 жылы Жетісай ауданында 34 гектар аумақты қамтитын өнеркәсіптік жылыжай кешенін салуды жоспарлауда. Жобаның болжамды құны – 30 млн АҚШ доллары.

Жаңа нысандар ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, сұрыптау және қаптау мүмкіндіктерін кеңейтіп, өнімнің ысырабын азайтуға, ішкі нарықты сапалы көкөніс-жеміспен қамтуға және экспорттық әлеуетті арттыруға ықпал етуі мүмкін.

Түркістан облысының әкімдігі мен «Shaanxi Silk Road City Holding Group Co., Ltd.» компаниясы өңірде заманауи жылыжай кешенін құру жөнінде меморандумға қол қойды.

Жобаның инвестициялық көлемі мен іске асыру мерзімдері алдағы келіссөздер барысында нақтыланады. Бастама ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізуге және жылыжай өндірісін дамытуға бағытталған.

Түркістан облысының әкімдігі инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа өндіріс орындарын тарту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. Өңір басшысының инвесторлармен кездесулеріне Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, Аргентина, Израиль және өзге де елдердің бизнес өкілдері қатысуда.

Келіссөздер барысында ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, энергетика, фармацевтика және инфрақұрылым салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері қарастырылуда.

Аталған бастамалар толық іске асқан жағдайда, Түркістан облысында өндірістік қуаттар кеңейіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен сақтау мүмкіндіктері артып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Сонымен қатар өңірдің инвестициялық тартымдылығы мен экономикалық әлеуетін нығайтуға жол ашылады.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА ИМАМДАРДЫҢ БІЛІМІН ЖЕТІЛДІРЕТІН ИСЛАМ ИНСТИТУТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

berdaly_oraz

Бәйдібектің өнері жарқырады: облыстық фестивальде жартылай финалға жолдама

berdaly_oraz

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕ ӘДЕП ПЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК — БАСТЫ ТАЛАП