Жетісай ауданында 650 млн теңгеге бес өндірістік цех ашылып, 90-ға жуық тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады. Жоба Асықата кентіндегі шағын өндірістік парктің екінші кезеңі аясында жүзеге асырылуда.
Аудан әкімі Серік Мамытов өндірістік алаңға барып, құрылыс жұмыстарының барысымен және жобаның іске асырылу барысымен танысты.
Жалпы аумағы 1 гектарды құрайтын өндірістік паркке инвесторлар есебінен 650 млн теңге бағытталған. Мұнда макарон өнімдерін шығаратын цех, наубайхана, сүт өндіру және консервілеу цехтары, сондай-ақ жеміс-жидек пен көкөністі сублимациялық әдіспен кептіретін өндіріс орны іске қосылады.
Жаңа кәсіпорындар жергілікті жерде сұранысқа ие азық-түлік өнімдерін өндіруге, отандық өнім көлемін арттыруға және шағын кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар 90-ға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылып, ауыл тұрғындары үшін жаңа еңбек орындары ашылады.
Құрылыс жұмыстары биыл тамыз айында басталған. Жоспарға сәйкес, нысандар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Айта кетейік, шағын өндірістік парктің алғашқы кезеңінде жалпы құны 210 млн теңгені құрайтын бірнеше жоба жүзеге асырылған. Олардың қатарында түйіршіктелген құрама жем өндіру, темір бұйымдарын дәнекерлеу, құрғақ құрылыс қоспаларын шығару, жуғыш ұнтақтар, кір сабын мен сусабын өндіру, сондай-ақ әжетхана қағазы мен майлықтар жасау бағыттары бар.
Асықатадағы өндірістік парктің кеңеюі Жетісай ауданында жергілікті өндірісті өркендетуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңір экономикасын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болмақ.
