Қазақстандық «iGps Tech» компаниясы ұялы байланыс желісі жоқ аймақтарда да жұмыс істейтін спутниктік мал бақылау жүйесін әзірледі. Отандық технология малдың орналасқан жері мен қозғалыс бағытын қадағалап, мал ұрлығы мен жоғалу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Жүйе виртуалды географиялық аймақтарды белгілеу арқылы жануарлардың автожолдарға және егістік алқаптарға шығып кетуіне жол бермеуге де ықпал етеді.
Бүгінде компанияның қызметін 3 800-ден астам клиент пайдаланады. Спутниктік бақылау жүйесіне 130 мыңнан астам жылқы қосылған. Сонымен қатар технология ірі қара мал мен өзге де жануарларды бақылау үшін қолданылады.
Компания сегіз жыл ішінде шетелдік құралдарды пайдаланудан бас тартып, жайылымдық мал шаруашылығының ерекшеліктеріне бейімделген GPS-құрылғылар мен бағдарламалық өнімдерді өз күшімен әзірлеуге көшті.
Биыл компания спутниктік трекер мен биосенсорларды біріктіретін жаңартылған шешімін таныстырды. Жүйе бір мезгілде он жануарға дейін бақылап, олардың дене температурасын және қозғалыс белсенділігін тіркеуге мүмкіндік береді. Бұл малдың жай-күйін бақылауды кеңейтіп, шаруашылықтағы ветеринариялық қадағалаудың тиімділігін арттыруға жол ашады.
Отандық технологияға шетелдік нарықтарда да қызығушылық артып келеді. Компания Орталық Азия елдерімен халықаралық ынтымақтастықты дамытып, Аргентина мен Австралияны болашағы зор нарықтардың қатарына қосып отыр.
«Біз Қазақстаннан тыс жерлерде де сұранысқа ие болатын өнім әзірлеп жатырмыз. Елімізде жасалған бұл технология әлемдік мал шаруашылығын цифрландырудың маңызды құралдарының біріне айналса дейміз», – деді «iGps Tech» серіктестігінің негізін қалаушы әрі бас директоры Мирас Байжігіт.
Компания коммерциялық қызметпен қатар ғылыми зерттеулерге де қатысуда. Атап айтқанда, Германиядағы Гёттинген университетімен бірлесіп, мал жаюдың табиғи экожүйелерге әсерін зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Зерттеу аясында жайылымды тиімді пайдаланудың табиғи өрт қаупін азайтудағы ықтимал рөлі де қарастырылады.
Ал ұзақ мерзімді жоспарда компания спутниктік мониторингті, ветеринариялық бақылауды, талдау жүйелері мен аграршыларға арналған сервистерді бір арнаға тоғыстыратын бірыңғай цифрлық платформа – Agro-SuperApp құруды көздеп отыр.
Бұл бастама мал шаруашылығын цифрландыруға, аграрлық өндірістің тиімділігін арттыруға және Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің экспорттық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.
