Мақтаарал ауданының Атакент кентіндегі А-15 республикалық маңызы бар автомобиль жолының бойында орналасқан көпір көлік қозғалысына ашылды. Көпірге асфальт жабындысын төсеу жұмыстары толық аяқталып, автокөліктердің қатынауына мүмкіндік жасалды.
Бұған дейін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мақтаарал ауданы тұрғындарымен кездесу барысында көпір мәселесі көтеріліп, нысанды қысқа мерзімде пайдалануға беру жөнінде тапсырма берген болатын. Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес, құрылыс жұмыстары жеделдетіліп, небәрі үш күн ішінде асфальт төсеу жұмыстары аяқталды.
А-15 республикалық маңызы бар автомобиль жолының 2-шақырымында орналасқан көпірді күрделі жөндеу жұмыстары биыл мамыр айында басталған. Нысанның жалпы ұзындығы – 25,4 метр, ені – 9 метр. Инфрақұрылымдық жобаның жалпы құны 358 миллион теңгені құрайды. Мердігер мекеме – «TM-Bussine group» ЖШС.
Бастапқыда көпірді күрделі жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған болатын. Алайда тұрғындардың өтініші ескеріліп, көлік қозғалысын мерзімінен бұрын ашу туралы шешім қабылданды.
Қазіргі таңда көпірдің асфальт жабындысы төселіп, автокөліктердің өтуіне жағдай жасалды. Нысандағы қалған құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жыл соңына дейін толық аяқталады.
Көпірдің көлік қозғалысына ашылуы Атакент кенті мен оған іргелес елді мекендер арасындағы қатынасты жеңілдетіп, тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасайды. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар автомобиль жолындағы көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен үздіксіздігін қамтамасыз етуге оң ықпал етеді.
Тұрғындар көпірдің мерзімінен бұрын ашылғанын қуанышпен қабылдап, бұл шешімнің күнделікті тіршілік пен көлік қатынасы үшін маңыздылығын атап өтті.
