Арыс қаласында көпбалалы аналарға құрмет көрсетіліп, мемлекеттік наградалар табысталды. Салтанатты шараға қатысқан қала әкімі Қайсар Маңқараев бір топ анаға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыс етті.
Марапаттау рәсімінде барлығы 20 ана жоғары мемлекеттік наградаға ие болды. Оның ішінде 9 анаға «Алтын алқа», 11 анаға «Күміс алқа» тапсырылды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген қала әкімі Қайсар Маңқараев аналарды айтулы марапаттарымен құттықтап, олардың ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегі мен қоғамдағы айрықша рөлін атап өтті.
– Ана – отбасының ғана емес, тұтас қоғамның берекесі мен тірегі. Сіздер ұрпақ тәрбиелеп, ел болашағының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға көрсетіліп отырған құрмет – сіздердің маңдай терлеріңіз бен ерен еңбектеріңізге берілген лайықты баға. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін, – деді қала басшысы.
Айта кетейік, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградалары – ана еңбегіне көрсетілген ерекше құрметтің белгісі. Бұл марапаттар отбасы құндылықтарын дәріптеп, ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосып жүрген аналардың қоғамдағы мәртебесін айқындайды.
Шара соңында марапат иелері көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, естелік суретке түсті.
