ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫ 3,8 ПАЙЫЗҒА АЗАЙҒАН

2026 жылдың алғашқы 10 айында Түркістан облысында жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,8 пайызға төмендеген. Дегенмен жол апаттарынан қаза тапқан балалар санының өсуі алаңдаушылық туғызып отыр.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, биыл өңірде 993 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Былтырғы осы кезеңде бұл көрсеткіш 1032 болған.

Жол апаттары салдарынан зардап шеккендер саны да азайған. Атап айтқанда, өткен жылы 1528 адам зардап шексе, биыл олардың саны 1421-ді құраған. Оның ішінде жарақат алғандар саны 1285-тен 1196-ға, ал қаза тапқандар саны 243-тен 225-ке дейін төмендеген.

Алайда кәмелетке толмағандар арасындағы көрсеткіш керісінше өсіп отыр. Биыл жол апаттарынан 390 бала жарақат алған. Бұл өткен жылғы 382 жағдаймен салыстырғанда 2,1 пайызға көп. Ең алаңдатарлығы, қаза тапқан балалар саны 43-тен 51-ге жетіп, 18,6 пайызға артқан.

Талдау нәтижесі бойынша жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі елді мекендер аумағында тіркелген. Мұнда 635 оқиға орын алса, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарында 217 жол апаты болған.

Өңірде жол-көлік оқиғалары ең көп тіркелген аумақтардың қатарында Түркістан қаласы (138), Сайрам ауданы (133), Жетісай ауданы (109) және Арыс қаласы (71) бар. Сондай-ақ Түлкібас ауданында 66, Созақ ауданында 60, Сарыағаш ауданында 57 жағдай тіркелген.

Мамандардың мәліметінше, жол апаттарының негізгі себептері – жол қозғалысы қағидаларын сақтамау, белгіленген жылдамдықты асыру, жаяу жүргіншілерге жол бермеу, маневр жасау талаптарын бұзу және қарсы бағытқа шығу кезінде қауіпсіздік ережелерін ескермеу.

Осыған байланысты мамандар облыс тұрғындары мен өңір қонақтарын жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға шақырады. Әсіресе елді мекендерде жылдамдықты төмендетіп, жаяу жүргіншілер өткелінен өту кезінде мұқият болу маңызды. Балалардың жол қауіпсіздігіне де ерекше назар аудару қажет.

Сонымен қатар жолды тек белгіленген орындардан кесіп өту, қауіпті маневрлерге жол бермеу және қалааралық, қала маңындағы жолдарда жылдамдық режимін сақтау – әрбір жүргізушінің міндеті.

Айта кетейік, Қазақстан аумағындағы жол-көлік оқиғалары туралы толық ақпаратты Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің «Авариялар картасы» порталынан көруге болады.

Ұқсас жаңалықтар

Кентауда тамақтану нысанында өрт тіркелді

berdaly_oraz

Түркістанда ауыл шаруашылығының өзекті мәселелері талқыланды

berdaly_oraz

Ордабасы ауданында қоғамдық көліктер жаңартылды