ШАРДАРАДА 10 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ: НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ПӘТЕР КІЛТТЕРІН ТАБЫСТАДЫ

Түркістан облысының Шардара қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған тағы 10 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров қоныс иелеріне пәтер кілттерін табыстап, отбасыларды қуанышты сәтпен құттықтады.

Салтанатты рәсімде өңір басшысы баспананың әр отбасы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтіп, тұрғындарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін жеткізді.

– Баршаңызды бүгінгі қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтаймын! Баспана – әр отбасының бақыты мен берекесінің, ертеңге деген сенімінің тірегі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге ерекше мән беріп келеді. Осы міндеттер аясында өңірімізде тұрғын үй құрылысы жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл облыс көлемінде жалпы ауданы 175 мың шаршы метрден асатын 102 тұрғын үй салынып жатыр. Жыл соңына дейін 3 мыңнан астам пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Бүгін тұрғын үй кезегінде тұрған тағы 10 отбасыға жаңа баспананың кілтін табыстап отырмыз. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! Шаңырақтарыңыз шаттыққа, отбасыларыңыз қуанышқа толсын! – деді Нұралхан Көшеров.

Жаңа баспанаға ие болған тұрғындар Мемлекет басшысына, облыс және аудан басшылығына ризашылықтарын білдіріп, көрсетілген қолдау үшін алғыс айтты. Салтанатты рәсімнен кейін облыс әкімі пәтерлерді аралап, қоныс иелерінің тұрмыс жағдайымен танысты.

Жалға берілетін тұрғын үйлер жергілікті бюджет есебінен сатып алынған. Жалпы саны – 10 пәтер. Олар бір қабатты, екі пәтерлі бес тұрғын үйге орналастырылған. Әр пәтердің жалпы ауданы 100 шаршы метрді құрайды. Ал әр үйге тиесілі жер телімінің көлемі – 600 шаршы метр.

Баспана кезек реттілігіне сәйкес әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілді. Төрт бөлмелі пәтерлер тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті жағдайлармен толық қамтамасыз етілген. Үйлерде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, ағаш есіктер мен пластик терезелер орнатылған. Сондай-ақ санитарлық торап пен автономды жылыту жүйесі қарастырылған.

Бұдан бөлек, тұрғын үйлер табиғи газ, ауыз су, кәріз жүйесі, электр энергиясы және жол инфрақұрылымына қосылған. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың ақпан айында басталып, белгіленген мерзімде аяқталған. Жобаның инвесторы – Нұрсұлтан Жолдасов.

Айта кетейік, Шардара ауданында халықты баспанамен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. 2024 жылы 164 отбасы, өткен жылы 72 отбасы қоныстойын тойлаған. Осылайша, соңғы екі жылда ауданда 236 отбасы баспаналы болды.

Жаңа тұрғын үйлер әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, көпбалалы отбасыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілген. Бұл – тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, баспана мәселесін шешуге бағытталған әлеуметтік қолдаудың нақты нәтижесі.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысында жол қауіпсіздігі күшейтілуде

berdaly_oraz

«ЖАС МОБИЛОГРАФ» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Redaktor Arysinfo

Мемлекеттік қызметшінің әдебі оның кәсібилігінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады-Думан Әбілев

berdaly_oraz