ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТЕ 2,5 МЛРД ТЕҢГЕЛІК МИНЕРАЛДЫ СУ ЗАУЫТЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛДЫ

Түркістан облысының Келес ауданында минералды су өндіретін жаңа зауыттың құрылысы толық аяқталды. Құны 2,5 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба іске қосылғаннан кейін 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, отандық өнімнің экспорттық әлеуеті артады.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Келес ауданына жұмыс сапары барысында Жүзімдік ауылдық округіндегі «SARYAGASH SU ONIMDERI» ЖШС-ның өндірістік нысанын аралады. Өңір басшысы кәсіпорынның құрылыс жұмыстарымен танысып, жобаның жүзеге асырылу барысын, өндірістік жабдықтардың жеткізілуі мен зауытты іске қосуға қатысты мәселелерді талқылады.

Кездесу барысында облыс әкімі жауапты сала басшыларына кәсіпорынның толыққанды жұмыс істеуіне қажетті мәселелерді жедел шешуді тапсырды.

– Мұндай инвестициялық жобалар өңір экономикасын әртараптандыруға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға үлкен мүмкіндік береді. Біз кәсіпкерлердің бастамаларын қолдап, инвестициялық жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асуына жағдай жасауымыз қажет. Ең бастысы, өндірісте отандық өнімнің үлесін арттырып, экспорттық әлеуетті дамытуға басымдық беруіміз керек, – деді Нұралхан Көшеров.

Аталған жоба Келес ауданының Жүзімдік елді мекенінде жүзеге асырылуда. Өндірістік ғимараттың жалпы ауданы – 2 103 шаршы метр. Кәсіпорын құрылысына салынған инвестиция көлемі 2,5 млрд теңгені құрайды. Ал өндірістік желіге қажетті құны 2 млн АҚШ доллары болатын заманауи жабдықтар Қытайдың «XINJIANG YELIDA INTERNATIONAL TRADE CO LTD» компаниясынан сатып алынған.

Жаңа кәсіпорын газдалған және газдалмаған минералды су өндіруге маманданған. Сонымен қатар дайын өнімді ішкі нарыққа ұсынып қана қоймай, шетелге экспорттау жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде өңірде өндірілетін өнім түрлерін көбейтіп, отандық тауардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Зауыт құрылысы 2025 жылдың наурыз айында басталған. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, кәсіпорынды өндірістік қызметке дайындау кезеңі жүргізілуде. Жоба аясында 30 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделген.

Жаңа өндіріс орнының іске қосылуы, әсіресе, ауыл тұрғындары үшін маңызды. Өйткені кәсіпорын жергілікті халыққа тұрақты еңбек көзін ұсынып, отбасылардың әл-ауқатын арттыруға және ауыл экономикасының дамуына оң ықпал етеді. Сонымен бірге өндірістің жолға қойылуы жергілікті кәсіпкерліктің дамуына, сервистік қызметтер мен ілеспе салалардың жандануына жол ашады.

Жалпы, Түркістан облысында инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және ауылдық жерлерде жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Келес ауданындағы бұл жоба да өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Оның жүзеге асуы жергілікті экономиканы нығайтып, Түркістан облысының отандық және халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға үлес қосады.

Ұқсас жаңалықтар

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ МАҚСАТЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТКІЗІЛДІ

Redaktor Arysinfo

Түркістан облысында Жеңістің 80 жылдығына орай ардагерлерге 5 миллион теңгеден беріледі

berdaly_oraz

Созақта 50-ден аса бұлақ көзі ашылды

berdaly_oraz