Түркістан облысы, Созақ ауданы аумағында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Ауқымды шара Жартытөбе ауылдық округінде өтті.
Акция барысында Аша тауынан бастау алып, Жартытөбе ауылының аумағына дейін созылатын 50-ден астам бұлақ көзі аршылды. Бұл жұмыстар өңірдегі су көздерін қалпына келтіруге және экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған.
Шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, ауыл ақсақалдары, жергілікті тұрғындар, жастар және «Қазсушар» мекемесінің қызметкерлері қатысты. Қатысушылар өзен бойын тазалап қана қоймай, табиғатты қорғау ісіне белсенді үлес қосты.
Аудан басшысы табиғатты қорғау бір реттік шара емес, әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс екенін атап өтіп, акцияға қатысқан тұрғындарға алғыс білдірді.
Сонымен қатар, өзен жағасына тал көшеттері отырғызылып, аумақты көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Шара аясында ұлттық дәстүрлер де ұмыт қалмады: киіз үй тігіліп, қатысушыларға наурыз көже ұсынылды. Жастар ән шырқап, шараның көркін қыздырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай экологиялық бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етпек.
