«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында Арыс қаласында «Жасыл Арыс – Жарқын болашақ» атты экологиялық акция ұйымдастырылды. Игі бастама барысында қала тұрғындарына, кәсіпорындар мен мекеме ұжымдарына 700 түп ағаш көшеті тегін таратылды.
Акцияның басты мақсаты – қаланың жасыл желегін көбейту, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру және тұрғындарды туған өлкені көгалдандыру жұмыстарына кеңінен тарту.
Таратылған көшеттердің барлығы Арыс топырағында өсірілген ағаш тұқымдарынан алынған. Яғни, жергілікті климаттық жағдайларға бейімделген. Мамандардың мәліметінше, олардың жерсіну көрсеткіші 90 пайызды құрайды. Көшеттер қатарында қараағаш, айлант, үйеңкі және сабын тал бар.
Бұл ағаш түрлері қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға, аптап ыстықта көлеңкелі аумақтарды көбейтуге және көшелердің көркін арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, жазы ыстық өңірде жасыл желектің мол болуы тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Акция аясында берілген көшеттерді тұрғындар өз аулаларына, ал кәсіпорындар мен мекеме ұжымдары өздеріне тиесілі аумақтарға отырғыза алады. Осылайша, көгалдандыру жұмыстары тек коммуналдық мекемелердің ғана емес, бүкіл қала тұрғындарының ортақ ісіне айналмақ.
Айта кетейік, Арыста тұрғындарға тегін көшет тарату жұмыстары игі дәстүрге айналған. Жыл сайын көктемгі және күзгі көгалдандыру маусымдарында жергілікті тұқымбақта өсірілген ағаш көшеттері көпшілікке үлестіріліп келеді. Бұл өз кезегінде жасыл желекті көбейтіп қана қоймай, жергілікті тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға да ықпал етуде.
Мұндай бастамалардың маңызы зор. Өйткені таза әрі көрікті қала қалыптастыру тазалық сақтаумен ғана шектелмейді. Ол – әрбір тұрғынның табиғатқа жанашырлықпен қарап, айналасына ағаш отырғызып, оны күтіп-баптауынан басталады.
«Таза Қазақстан» бағдарламасының түпкі мақсаты да – қоршаған ортаны қорғауды қоғамның ортақ құндылығына айналдыру. Бүгін егілген әрбір көшет – ертеңгі ұрпаққа қалатын жасыл мұра, туған жердің табиғатына қосылған үлес.
