Түркістан облысында Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Есірткісіз болашақ» атты нашақорлыққа қарсы ауқымды форум өтті. Мыңға жуық адам қатысқан іс-шара өңірде ұйымдастырылған онкүндік профилактикалық жұмыстардың қорытындысына арналды. Басты мақсат – жастар арасында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру, құқықтық мәдениетті арттыру және қоғамды ортақ қауіпке қарсы жұмылдыру.
Форумға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Қалмұрзаев, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Абай Жүсіпов, ҚР Құрылтайының депутаты Гүлісхан Нахбаева, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, «Qazaqstan Team» республикалық қоғамдық жастар бірлестігінің жетекшісі Олжас Сүлеймен, «Жайдарман» жобасының жетекшісі, «Құрмет» орденінің иегері Есен Елеукен, сондай-ақ прокуратура, сот, полиция және өзге де құзырлы органдардың өкілдері мен жастар қатысты.
Іс-шараның көрме және таныстырылым бөлімінде құқық қорғау органдарының заманауи мүмкіндіктері көрсетілді. Форум қонақтарын полиция қызметіндегі робот ит қарсы алып, дрон арқылы аумақты бақылау және құқық бұзушылықтарды анықтау тәсілдері таныстырылды. Сонымен қатар қызметтік иттердің көмегімен жасырылған есірткі заттарын табу, арнайы жасақ қызметкерлерінің күдіктіні ұстау кезіндегі тактикалық әдіс-тәсілдері көпшілік назарына ұсынылды.
Бұдан бөлек, қатысушылар «Жас сақшы» сыныбы оқушыларының суреттері мен қолөнер көрмесін тамашалап, полицияның техникалық жабдықтарымен және тақырыптық бейнематериалдарымен танысты. Бұл бөлім жастарға құқық қорғау қызметінің ерекшеліктерін көрсетіп қана қоймай, қауіпсіздік пен заң талаптарын сақтаудың маңызын ұғындыруға бағытталды.
Форумның ресми бөлімінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров сөз сөйлеп, есірткіге қарсы күресте мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, ата-аналар мен жалпы қоғамның бірлескен жұмысы маңызды екенін атап өтті.
– Бүгінгі басқосуымызда біз тек есірткі мен нашақорлықтың зияны туралы ғана емес, жас ұрпақтың болашағы туралы да сөз қозғаймыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында есірткі саудасы мен нашақорлыққа қарсы күрестің маңызына тоқталып, нақты міндеттер жүктеді. Өйткені есірткі бір адамның өмірін ғана емес, тұтас отбасының тағдырын күйретеді. Сондықтан ең алдымен, жастардың санасында оған деген үзілді-кесілді қарсылық қалыптастыруымыз қажет. Бұл ретте жастарға қолайлы орта ұсынудың маңызы зор, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ өңір басшысы жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бүгінде Түркістан облысында 950 мыңнан астам бала мен жас бар. Олардың сапалы білім алып, спортпен шұғылданып, мәдени және шығармашылық қабілеттерін дамытуы үшін әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіруге басымдық беріліп келеді.
Облыс құрылғаннан бері 214 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілген. Мәдени инфрақұрылымды дамыту аясында 26 мәдениет үйі мен клубтың құрылысы жүргізілген. Қазіргі таңда өңірдегі 801 елді мекеннің 249-ы мәдениет нысандарымен қамтылған. Сонымен қатар облыста 3595 спорт нысаны жұмыс істейді. Биыл пайдалануға беру жоспарланған 58 спорт нысанының 31-і ел игілігіне тапсырылған.
Бұл көрсеткіштер жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, спортпен және шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беретін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Ал облыстық Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров өз сөзінде Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатының маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, есірткі қылмысына қарсы күресте полицияның жүйелі жұмысы мен қоғамның белсенді қолдауы шешуші рөл атқарады.
Ол есірткі саудасымен айналысатын азаматтарға заң аясында қатаң шара қолданылатынын атап өтіп, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру мен қауіпсіз орта қалыптастыру баршаның ортақ міндеті екенін жеткізді. Сонымен бірге ұстаздар мен ата-аналарды жасөспірімдердің тәрбиесіне бейжай қарамауға шақырып, жастарды оңай табысқа қызықпай, білім мен адал еңбекке ұмтылуға үндеді.
Форумның спикерлер алаңында жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, саналы таңдау жасау, азаматтық белсенділігін арттыру, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және есірткіге қарсы көзқарасын нығайту мәселелері талқыланды. Пікір алмасуға Гүлісхан Нахбаева, Олжас Сүлеймен, Абай Жүсіпов және Есен Елеукен қатысып, жастарға өз ойларын ортаға салды.
Жиынның мазмұнды өтуіне мәдени бағдарлама да үлес қосты. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының ерлер хоры патриоттық әндер орындаса, қорытынды бөлімде әнші, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ибрагим Ескендір мен «Алтын домбыра» жас домбырашылар ансамблі өнер көрсетті.
