Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген басым бағыттарды кеңінен түсіндіру мақсатында республикалық жұмыс тобы Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді.
Сапар барысында делегация Түркістан қаласының тұрғындарымен, зиялы қауым өкілдерімен және денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесіп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Алғашқы кездесу Түркістан қалалық Мәдениет үйінде өтті. Жиынға республикалық жұмыс тобының құрамындағы ҚР Құрылтайының депутаты Дихан Қамзабекұлы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Абдулла Исматуллаев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова және ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев қатысты.
Сондай-ақ басқосуға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов қатысты.
Кездесуде Жолдауда көтерілген экономиканы жаңғырту, шағын және орта бизнесті қолдау, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау мен өңдеу және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері кеңінен сөз болды.
Әсіресе, Түркістан облысы үшін стратегиялық маңызы бар агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өңдеу үлесін арттыру, су үнемдеу технологияларын енгізу және ирригациялық жүйелерді жетілдіру мәселелеріне басымдық берілді. Жұмыс тобы мүшелері аталған бағыттар бойынша Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді түсіндіріп, оларды жүзеге асырудың маңызын атап өтті.
Басқосу барысында тұрғындар да өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Республикалық жұмыс тобының өкілдері азаматтардың сауалдарына жауап беріп, көтерілген мәселелер бойынша түсініктеме берді.
Бұдан кейін делегация облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына барып, денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесті. Жұмыс тобы медицина мамандарына Жолдауда айқындалған әлеуметтік саясат пен саланы дамытуға қатысты басым міндеттерді түсіндірді.
Кездесуде медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, салалық инфрақұрылымды дамыту, медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету және заманауи технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.
Медицина қызметкерлерімен жүздесу барысында әлеуметтік саланың тұрақты дамуы, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және сала мамандарының кәсіби әлеуетін арттыру мәселелеріне де назар аударылды. Сонымен қатар қатысушылар өз ұсыныстарын білдіріп, саладағы өзекті сұрақтарды талқылады.
Айта кетейік, республикалық жұмыс тобының өңірлерге сапары – Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді халыққа кеңінен түсіндірудің маңызды тетігі. Мұндай кездесулер мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын тұрғындармен бірге талқылауға, жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді анықтауға және қоғам мен билік арасындағы ашық диалогты нығайтуға мүмкіндік береді.
Жолдаудағы міндеттердің сапалы орындалуы елдің экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға, әлеуметтік саланы дамытуға және өңірлердің тұрақты өркендеуіне негіз болады.
