ТҮРКІСТАНДА ТҮРКІ ӨРКЕНИЕТІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ

Дереккөз, фото: Түркістан обл әкімдігі

Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті аясында Түркі өркениеті орталығының іргетасын қалау рәсімі өтті. Салтанатты шараға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшылары қатысып, жаңа нысанның қазығын қақты.

Жаңа орталықтың басты мақсаты – түркітілдес халықтардың бай тарихи мұрасын, рухани құндылықтары мен мемлекеттілік дәстүрін кеңінен насихаттау. Сонымен қатар, ортақ тарихи-мәдени мұраны ғылыми тұрғыдан зерттеу, жүйелеу және мәдени-гуманитарлық байланысты дамытуға басымдық беріледі.

Кешеннің архитектуралық тұжырымдамасы түркі дүниетанымымен сабақтас ерекше символикалық мазмұнға негізделген. Жобада Тәңір, Ергенеқон, Көкбөрі, Жерұйық, Дала және Өмір ағашы секілді түркі мәдениетіндегі маңызды ұғымдар көрініс табады.

Орталықтың ішкі экспозициялық құрылымы бірнеше тақырыптық аймақтан тұрады. Мұнда келушілерге тарихи кезеңдер мен өркениеттік құндылықтарды заманауи технологиялар арқылы таныстыру жоспарланған. Атап айтқанда, виртуалды және толықтырылған шынайылық (VR/AR), голография, жасанды интеллект, иммерсивті дыбыс пен жарық технологиялары қолданылмақ.

Жоба Түркістанның түркі әлеміндегі рухани және мәдени орталық ретіндегі маңызын арттырып, халықаралық мәдени ынтымақтастықты дамытуға серпін береді деп күтілуде.

Ұқсас жаңалықтар

Табиғатты қорғау – ортақ міндет

berdaly_oraz

Түркістан облысында үшем дүниеге келіп, отбасы мүшелері 11 адамға жетті

berdaly_oraz

Отырар ауданында 5 мың басқа арналған бордақылау кешені салынуда

berdaly_oraz