ҚАЛАНЫҢ БОЛАШАҒЫНА БЕЙЖАЙ ҚАРАМАЙТЫН ЖАС КАНДИДАТТЫҢ МАҚСАТЫ ҚАНДАЙ?

«Арысқа жанашырлық – сөзбен емес, іспен!»

Қаланың болашағы – бүгінгі бастамалар мен ертеңге деген сенімге байланысты. Әсіресе жастардың білімін, кәсіпкерлік қабілетін, шығармашылығы мен спорттағы әлеуетін тиімді пайдалану – өңір дамуының маңызды тетігі. Ал осы бағыттарға серпін беру үшін тың идея, іскерлік тәжірибе және қоғам алдындағы жауапкершілік қажет.

Осындай ұстанымды басшылыққа алған №5 сайлау округі бойынша Арыс қалалық мәслихатының депутаттығына кандидат Нұрдәулет Бауыржанұлы Әбдуәлі туған қаласының өркендеуіне үлес қосуды мақсат етіп отыр. Оның сайлауалды бағдарламасында инфрақұрылымды жақсарту, кәсіпкерлікті дамыту, жастарды қолдау, спорт пен мәдениетті өркендету және әлеуметтік мәселелерді шешу бағыттары қамтылған.

Нұрдәулет Әбдуәлі 1999 жылғы 6 қыркүйекте Арыс қаласында дүниеге келген. 2006–2017 жылдары Е. Молдабаев атындағы №1 жалпы орта мектепте білім алған. Кейін Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде «Тарих және дінтану» мамандығы бойынша жоғары білім алған.

Мектеп қабырғасынан бастап қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өзін-өзі басқару ұйымының президенті болған. Студенттік кезеңде де белсенділігін танытып, студенттік декан қызметін атқарған. Бұл тәжірибе оның ұйымдастырушылық қабілеті мен көшбасшылық қасиеттерінің қалыптасуына негіз болды.

Еңбек жолын шығармашылық және кәсіпкерлік салаларымен байланыстырған. 2019–2024 жылдары «Миллион» шығармашылық командасының директоры ретінде «Жездуха» веб-сериалы мен толықметражды фильмінің түсіріліміне және прокатына жетекшілік етті. 2020 жылдан бастап кәсіпкерлікпен айналысып, «KAWS GROUP» мейрамханалар желісінің негізін қалап, оны басқарды.

Ал 2026 жылдан бері «Арыс» футбол клубының директоры қызметін атқарып келеді. Қоғамдық жауапкершілік пен қайырымдылық бастамаларына да көңіл бөліп жүрген ол 2026 жылы «Меценат» атағымен марапатталған.

Кандидаттың пікірінше, Арыстың дамуы үшін ең алдымен жастарға мүмкіндік беру қажет. Жастардың кәсіп ашуына жағдай жасау, олардың жаңа жобаларын қолдау және қалаға инвестиция тарту – экономикалық өсімнің маңызды бағыттары.

Осыған орай сайлауалды бағдарламада шағын және орта бизнесті дамытуға, жас кәсіпкерлерге ақпараттық-кеңестік қолдау көрсетуге, жаңа өндірістік және сервистік жобаларды іске асыруға ықпал ету көзделген.

Сонымен қатар жастардың білім, ғылым, шығармашылық және қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік беретін орталықтарды дамыту, дарынды жастарды қолдау және олардың бастамаларына демеушілік көмек көрсету де назардан тыс қалмаған.

Нұрдәулет Әбдуәлінің сайлауалды бағдарламасындағы ерекше бағыттардың бірі – спортты дамыту. «Арыс» футбол клубының директоры ретінде ол балалар мен жасөспірімдер футболын өркендетуге, жас спортшыларды тәрбиелеуге және футбол академиясын құру бағытындағы бастамаларға атсалысуды маңызды санайды.

Бұдан бөлек, қала аулаларында спорттық инфрақұрылымды көбейту, Street Workout алаңдарын ашу, балалар мен жасөспірімдердің спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау мәселелерін көтермек.

Бұл бастамалардың түпкі мақсаты – жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру және Арыстан болашақ чемпиондардың шығуына мүмкіндік жасау.

Қала дамуының тағы бір маңызды өлшемі – тұрғындардың өмір сүру сапасы. Осы бағытта кандидат көпбалалы және әлеуметтік осал отбасыларды қолдау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы қоғамдық орта қалыптастыру, балалардың сапалы білім алуына және қосымша үйірмелерге қатысуына жағдай жасау бастамаларын қолдауды көздейді.

Ал инфрақұрылым мәселесінде округ көшелерін жөндеу, асфальттау, аяқжолдар салу, көше жарығын жаңарту, ауызсу, газ, электр энергиясы және кәріз жүйесіне қатысты түйткілдерді тиісті мекемелер алдында көтеру міндеттері белгіленген.

Сонымен бірге балалар ойын алаңдары мен қоғамдық орындарды абаттандыруға да басымдық берілген.

Депутаттық қызметтің негізгі міндеті – халықтың үнін билікке жеткізу және тұрғындар көтерген мәселелердің шешілуіне ықпал ету. Осыны назарда ұстаған Нұрдәулет Әбдуәлі сайлау округі тұрғындарымен тұрақты кездесулер өткізіп, әрбір өтініш пен ұсыныстың орындалу барысын бақылауды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ атқарылған жұмыстар туралы халыққа жүйелі түрде есеп беру, ашық диалог орнату және тұрғындардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуына мүмкіндік жасау оның негізгі ұстанымдарының бірі.

Жас кандидаттың көзқарасы бойынша, туған қаланың дамуы бір ғана саламен шектелмейді. Ол үшін кәсіпкерлік, спорт, мәдениет, әлеуметтік қолдау және инфрақұрылым бағыттары қатар өркендеуі қажет.

Жарияланым кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан төленді.

Ұқсас жаңалықтар

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ДӘСТҮРЛІ ӨНЕРДІ НАСИХАТТАП ЖҮРГЕН ӨНЕР ИЕСІМЕН КЕЗДЕСТІ

В РАМКАХ ПОРУЧЕНИЯ ПРЕЗИДЕНТА В САРЫАГАШЕ НАЧАТО СТРОИТЕЛЬСТВО СОВРЕМЕННОЙ МНОГОПРОФИЛЬНОЙ БОЛЬНИЦЫ НА 300 КОЕК

Redaktor Arysinfo

ТҮРКІСТАН: СОЗАҚ АУДАНЫ АЛҒАШ РЕТ ТАБИҒИ ГАЗ ЖЕЛІСІНЕ ҚОСЫЛЫП, ТҰРҒЫНДАР «КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН» ҚАМТЫЛДЫ

berdaly_oraz