Арыс қаласында көпбалалы аналарға құрмет көрсетіліп, олардың қоғамдағы орны мен ұрпақ тәрбиесіндегі ерен еңбегі ерекше аталып өтті.
Қала әкімі Қайсар Маңқараев Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес бірқатар көпбалалы анаға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларын салтанатты жағдайда табыстады.
Марапаттау рәсімінде шаһар басшысы аналарды айтулы қуанышымен құттықтап, отбасы құндылықтарын нығайту мен жас ұрпақ тәрбиесіндегі еңбектеріне жоғары баға берді.
– Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде ананың рөлі қашан да айрықша. Балаларын тәрбиелеп, елге адал қызмет ететін азамат етіп өсірген әрбір ана зор құрметке лайық. Сіздердің еңбектеріңіз – қоғам үшін өнеге. Баршаңызға отбасыларыңыздың амандығын, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін, – деді Қайсар Зәкірұлы.
Өз кезегінде мемлекеттік награда иегерлері көрсетілген құрмет пен қолдау үшін алғыстарын білдіріп, қуаныштарымен бөлісті.
Айта кетейік, анаға құрмет көрсету, отбасы институтын нығайту және көпбалалы отбасыларды қолдау – қоғамның басты құндылықтарының бірі. Алтын және күміс алқа иегерлері – жас ұрпаққа өнеге, ел болашағының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосып жүрген ардақты жандар.
Шара соңында марапат иелері қала әкімімен бірге естелік суретке түсіп, салтанатты жиын көтеріңкі көңіл күйде қорытындыланды.
