Арыс қалалық мәслихатының депутаттығына үміткер, қалалық мәслихаттың бұрынғы төрағасы Қайрат Ахметов сайлауалды бағдарламасында жаңа емхана мен Оқушылар сарайын салу, жол және кәріз жүйелерін жаңғырту, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелерін көтерген. Үш шақырылым бойы депутат болған кандидат қаланың қордаланған мәселелерін шешуге ықпал етуді және мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін арттыруды басты міндеттерінің бірі ретінде айқындаған.
Ахметов Қайрат Төрегелдіұлы 1974 жылғы 20 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласында дүниеге келген. 1992 жылы С. М. Киров атындағы №18 қазақ орта мектебін тәмамдап, Шымкент автомобиль-жол техникумына оқуға түскен. 1996 жылы аталған оқу орнын автомобиль жолдары механигі мамандығы бойынша бітірген. Кейін Алматы экономика және статистика академиясында білім алып, 2005 жылы «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығын меңгерген.
Еңбек жолын 2003 жылы Шымкент қаласындағы «Асбоцем-конструкция» АҚ-да жабдықтаушы болып бастаған. Кейін «Шымкент Мұнай Өнімдері» АҚ-да және «ТЭК – Қазақстан» ЖШС-де түрлі жауапты қызметтер атқарған. 2017–2023 жылдары жеке кәсіпкерлікпен айналысқан.
Қайрат Ахметов Арыс қалалық мәслихатының VI, VII және VIII шақырылымдарының депутаты болған. Ал 2023 жылғы 30 наурыздан 2026 жылғы 12 қазанға дейін VIII шақырылымдағы Арыс қалалық мәслихатының төрағасы қызметін атқарған.
Спорт саласында да жетістіктері бар. Бокстан Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат, кикбоксингтен спорт шебері. «Әділет» партиясының мүшесі. Отбасылы, үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп отыр. Кандидаттың сайлауалды бағдарламасындағы маңызды бастамалардың бірі – Арыс қаласында жедел медициналық көмек станциясы бар жаңа қалалық емхана салу.
Үміткер тұрғындардың сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру, денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту және медициналық қызмет көрсетуге қатысты өзекті мәселелерді тиісті органдардың назарына ұсынуды жоспарлаған.
Сонымен қатар қалада Оқушылар сарайын салу бастамасын көтермек. Бұл нысан балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық, ғылыми, мәдени және спорттық бағыттарда дамуына мүмкіндік беретін орталық ретінде қарастырылған.
Арыс тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелердің бірі – жол инфрақұрылымы мен коммуналдық жүйелердің жағдайы. Қайрат Ахметов сайлауалды бағдарламасында Ергөбек көшесін күрделі жөндеуден өткізу, Әл-Фараби көшесінің ортасындағы темір қоршауларды ретке келтіру және қала ішіндегі шағын көшелердің жол сапасын жақсарту мәселелеріне басымдық берген.
Бұдан бөлек, қаланың кәріз желілерін қайта жаңғырту, ауызсу, электр энергиясы және көше жарығына қатысты мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге ықпал етуді көздейді. Үміткер аталған инфрақұрылымдық қажеттіліктерді қаланың даму жоспарлары мен жергілікті бюджетте ескеруге күш салатынын атап көрсеткен.
Сайлауалды бағдарламада шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіретін мәселелерді тиісті мемлекеттік органдардың қарауына ұсыну бағыттары да қамтылған. Кандидат жастардың заманауи мамандықтарды меңгеруіне, цифрлық дағдыларын дамытуына және кәсіптік бағдар алуына жағдай жасайтын жобаларды қолдауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар мектептер мен балабақшалардың жағдайын жақсарту, спорттық және мәдени жобаларды дамыту, балалар ойын алаңдары мен демалыс аймақтарын абаттандыру мәселелеріне назар аударған.
Әлеуметтік бағытта көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың, қарттардың, мүгедектігі бар азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға ықпал етуді көздейді. Қайрат Ахметовтың бағдарламасындағы тағы бір маңызды бағыт – мемлекеттік органдардың есептілігі мен жауапкершілігін арттыру.
Кандидат сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған бастамаларды қолдау, тұрғындармен ашық диалог жүргізу және азаматтардың өтініштері бойынша депутаттық сауалдар жолдау мәселелерін көтерген.
Сондай-ақ коммуналдық және мемлекеттік қызметтерді алу барысында туындайтын қиындықтарды азайту, қоғамдық қауіпсіздік пен жол қозғалысына қатысты мәселелерді тиісті мекемелермен бірлесе қарастыруды жоспарлап отыр.
Үміткер сайлаушылар алдында жүйелі түрде есеп беруді, шешілмеген мәселелер мен олардың себептері туралы ашық ақпарат ұсынуды маңызды міндеттердің бірі санайды. Қайрат Ахметовтың сайлауалды бағдарламасы денсаулық сақтау, білім беру, жол инфрақұрылымы, коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және әлеуметтік қорғау секілді негізгі бағыттарды қамтиды.
Кандидаттың айтуынша, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру үшін қордаланған мәселелерді жүйелі түрде көтеріп, олардың шешілу барысын тұрақты бақылауда ұстау қажет.
Осылайша, Арыс қалалық мәслихатының бұрынғы төрағасы Қайрат Ахметов жаңа сайлауалды бағдарламасында депутаттық тәжірибесін қаланың инфрақұрылымын жаңғыртуға, әлеуметтік нысандар салу бастамаларын ілгерілетуге және халық пен билік арасындағы байланысты күшейтуге бағыттауды көздеп отыр.
Жарияланым кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан төленді.
