ҚОЖАТОҒАЙДА СУАРМАЛЫ ЖЕР, ЖОЛ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ МӘСЕЛЕСІ: БАУЫРЖАН ӘБДІХАЛЫҚОВ ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІС ҰСЫНАДЫ?

Арыс қалалық мәслихатының депутаттығына №13 сайлау округі бойынша үміткер Бауыржан Әбдіхалықов сайлауалды бағдарламасында ауыл инфрақұрылымын дамыту, игерілмей жатқан суармалы жерлерді айналымға қосу, жастарды қолдау және Қожатоғай ауылында мәдениет үйін салу мәселелеріне басымдық берген. Бұған дейін спорт саласында еңбек етіп, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқан кандидат ауыл тұрғындарын толғандырған мәселелердің шешілуіне ықпал етуді мақсат етіп отыр.

Әбдіхалықов Бауыржан Оразымбетұлы 1985 жылғы 15 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласында көпбалалы жұмысшы отбасында дүниеге келген. 1992–2003 жылдары Арыс қаласындағы С. Адамбеков атындағы орта мектепте білім алған. Кейін «Фемида» қаржылық-құқықтық колледжін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ал 2021 жылы академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығын меңгерген.

2021–2025 жылдары Арыс қаласындағы ұлттық спорт және футбол клубында бапкер болып жұмыс істеген. Осы кезеңде жасөспірімдерді спортқа баулу, олардың дене дайындығын жетілдіру және салауатты өмір салтын насихаттау бағытында еңбек еткен.

Үміткердің өмірбаяндық мәліметіне сәйкес, 2021 жылы «Наурыз» шағын ауданы тұрғындары мен ақсақалдарының ұсынысымен ауыл биі болып сайланған. Осы уақыттан бері қоғамдық келісімді нығайтуға, тұрғындар арасындағы өзекті мәселелерді ортақ талқылау арқылы шешуге атсалысып келеді.

Қазіргі таңда «Арияс Строй Экспресс» ЖШС директорының орынбасары қызметін атқарады. Бауыржан Әбдіхалықовтың сайлауалды бағдарламасындағы басты бағыттардың бірі – ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту. Кандидат Сырдария, Қожатоғай және Шөгірлі елді мекендеріндегі жолдардың сапасын арттыру, көшелерді жөндеу және жарықтандыру мәселелерін көтеруді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолдарын салу, балалар ойын алаңдарын көбейту, ауызсу және электр желілерінің жағдайын жақсарту бағыттарына басымдық берген. Үміткер ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмысына әсер ететін коммуналдық мәселелерді тиісті мемлекеттік органдардың назарына жеткізіп, олардың кезең-кезеңімен шешілуіне ықпал етуді көздейді.

Кандидаттың сайлауалды бағдарламасындағы өзекті мәселелердің бірі – Қожатоғай мен Шөгірлі елді мекендеріндегі игерілмей жатқан суармалы жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу. Бауыржан Әбдіхалықов суару жүйелерін қалпына келтіру, ұңғымалар қазу және егістік алқаптарға су жеткізу инфрақұрылымын дамыту мәселелерін көтеруді жоспарлаған.

Сондай-ақ мемлекеттік жер қорындағы жерлердің заң талаптарына сәйкес әділ әрі ашық бөлінуін назарда ұстауды маңызды міндеттердің бірі санайды. Ауыл шаруашылығына жарамды жерлерді тиімді пайдалану жергілікті тұрғындардың кәсіппен айналысуына және ауыл экономикасының дамуына мүмкіндік беретін бағыттардың бірі ретінде қарастырылған.

Үміткердің бағдарламасында ауылдың мәдени өмірін дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, Қожатоғай ауылында мәдениет үйін салуға ықпал ету, ауылдық округтің тарихи-мәдени мұрасын сақтау және ұлттық құндылықтарды насихаттау міндеттері қамтылған.

Мәдениет үйі ауыл тұрғындарының қоғамдық іс-шараларын өткізуіне, балалар мен жастардың шығармашылық қабілетін дамытуына мүмкіндік беретін әлеуметтік нысан ретінде қарастырылып отыр. Бауыржан Әбдіхалықов спорт саласындағы тәжірибесін жастар саясатына қатысты бастамалармен ұштастыруды көздейді.

Кандидат ауылдық жерлерде спорт алаңдары мен секциялардың қолжетімділігін арттыру, қазақ күресі, көкпар, футбол және өзге де ұлттық спорт түрлерін дамыту мәселелеріне басымдық берген. Сонымен қатар жастардың сапалы білім алуына, кәсіби мамандық меңгеруіне және тұрақты жұмыспен қамтылуына ықпал етуді жоспарлап отыр.

Кәсіпкерлік бағытында ауыл тұрғындарының өз кәсібін бастауына арналған мемлекеттік бағдарламалардың қолжетімділігін арттыру, жергілікті кәсіпкерлердің мәселелерін тиісті органдарға жеткізу міндеттері қамтылған.

Жарияланым кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан төленді.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан: Қазығұрттағы әлеуметтік нысандардың құрылысы қадағаланды

ЖЕТІСАЙДА 20 ТОННА ӨНІМ: ХАЛЫҚҚА БАЗАРДАН 15 ПАЙЫЗҒА АРЗАН САУДА

Redaktor Arysinfo

АРЫС ӘКІМІНІҢ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУІ МАМЫР АЙЫНА АУЫСТЫРЫЛДЫ

berdaly_oraz