АДАМНЫҢ КЕЛІСІМІНІҢСІЗ ФОТОСЫ МЕН ВИДЕОСЫН ЖАРИЯЛАУҒА ШЕКТЕУ ҚОЙЫЛДЫ

Қазақстанда азаматтардың фото және бейне бейнесін келісімсіз пайдалануға қатысты заң талаптары нақтыланбақ. Бұл туралы Құрылтайдың жалпы отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев мәлімдеді.

Бүгін Құрылтай депутаттары «Онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын және оған ілеспе Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда қарады.

Министрдің түсіндіруінше, ұсынылып отырған өзгерістер адамның фото және бейне бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға қатысты нақты талаптарды айқындайды.

Атап айтқанда, ашық дереккөздерде жарияланған адамның фотосы мен бейнежазбасын оның келісімінсіз пайдалануға тек азаматтың өзі мұндай әрекетке тыйым салмаған жағдайда ғана жол беріледі. Ал адамның жеке және отбасылық өміріне қатысты ақпарат пен бейнежазбалар оның кәсіби қызметіне жатпайды.

Сонымен қатар лауазымды тұлғаның қызметтік міндетін атқару кезінде немесе заң бұзушылық үстінде түсірілген бейнежазбасын жариялау үшін оның келісімін алу міндетті болмайтыны түсіндірілді.

Айта кетейік, заң жобасы әзірге бірінші оқылымда мақұлданды. Ұсынылған түзетулер азаматтардың жеке өміріне қол сұқпау құқығын қорғауға және ақпараттық кеңістіктегі жауапкершілікті нақтылауға бағытталған.

Stan.kz порталының дерегінше, заң жобасы аясында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске бірқатар жаңа санкция енгізу көзделген. Атап айтқанда, адамның келісімінсіз фотосын жариялау және заңсыз контентті белгіленген талаптарға сәйкес өшірмеу үшін әкімшілік айыппұл салу ұсынылып отыр.

Ұсынылып отырған айыппұл мөлшері төмендегідей:

  • Жеке тұлғаларға – рұқсатсыз фото жариялағаны үшін 30 АЕК (129 750 теңге);
  • Ұйымдарға – 60–200 АЕК (259 500–865 000 теңге);
  • Шағын бизнес пен коммерциялық емес ұйымдарға – заңсыз контентті өшірмегені үшін 50 АЕК (216 250 теңге);
  • Орта бизнес субъектілеріне – 100 АЕК (432 500 теңге);
  • Ірі бизнес субъектілеріне – 200 АЕК (865 000 теңге) айыппұл салу көзделген.

Ұқсас жаңалықтар

Мақтааралда Балаларды қорғау күні кең ауқымда аталып өтті

berdaly_oraz

Запущен сайт коалиции за народную Конституцию

berdaly_oraz

Түркістан облысы мен Шаньдун провинциясы арасындағы ынтымақтастық кеңеюде