Түркістан облысының Қожатоғай ауылдық округінде жылына 50 мың басқа дейін ірі қара мал бордақылауға қауқарлы Орталық Азиядағы ең ірі кешендердің бірі пайдалануға берілді. Ауқымды жобаның ашылу салтанатына Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров және жергілікті тұрғындар қатысты.
«Қайып Ата» компаниялар тобына қарасты «Түркістан Агро KZ» ЖШС жүзеге асырған жоба өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға және ет өндірісін дамытуға бағытталған. Кешен жемшөп дақылдарын өсіруден бастап, мал бордақылау, сою, етті өңдеу және дайын өнімді өткізуге дейінгі толық өндірістік циклді қамтиды.
Жаңа нысан жылына 15 мың тоннаға дейін ет өндіруге мүмкіндік береді. Компаниялар тобының құрамында жылдық қуаттылығы 7,2 мың тонна ет өңдеу кәсіпорны мен 46 мың тонналық құрамажем зауыты жұмыс істейді. Бұдан бөлек, 1,4 мың гектар алқапта жаңбырлатып суару технологиясы арқылы жемшөп дақылдарын өсіру және 12 мың басқа арналған заманауи мал биржасын салу жобалары қолға алынған.
Кешен құрылысы барысында Аустралияның озық технологиялары мен мал шаруашылығын жүргізу тәжірибесі қолданылған. 2024 жылдан бері Қазақстанда етті мал шаруашылығын дамытудың аустралиялық моделінің жекелеген элементтерін енгізу жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл тәсіл мал өнімділігін арттыруға, өндіріс шығындарын оңтайландыруға, сондай-ақ бордақылау алаңдары мен мал саудасының заманауи инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жобаның маңыздылығына тоқталып, Қазақстанның ет өндірісін дамытудағы әлеуеті жоғары екенін атап өтті.
«Бүгін біз Орталық Азиядағы ең ірі бордақылау кешендерінің бірін ашып отырмыз. Үш жыл бұрын қазақстандық фермерлермен бірге Аустралияға барып, мал шаруашылығын жүргізудің озық тәжірибесін зерделедік. Бүгінде сол тәжірибенің іс жүзінде қолданылып жатқанын көріп отырмыз. Қазақстанда бұл саланы одан әрі дамытуға барлық мүмкіндік бар. Атап айтқанда, кең жайылымдық алқаптар, жемшөп қоры, білікті мамандар және экспорттық әлеует жеткілікті», – деді ол.
Аталған жоба Түркістан облысында мал шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеріп, ет өндірісінің көлемін ұлғайтуға, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және экспорттық әлеуетті нығайтуға серпін береді. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ауыл экономикасының дамуына ықпал ететін маңызды инвестициялық бастама болмақ.
