Қоғам қауіпсіздігі: Пробацияның мүмкіндігі мен міндеті

Құқықтық мемлекеттің негізгі ұстыны – заң үстемдігі. Заңның әділ орындалуы елдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етсе, оны сақтамау – қоғамға үлкен қауіп төндіреді. Өкінішке қарай, заң бұзушылыққа барып, қылмыс жасап, кейіннен өз қатесін түсінбейтін азаматтар да кездеседі. Мұндай жандармен жұмыс жүргізу, оларды қайта әлеуметтендіру – мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі.

Қазақстан заңдары ізгілік қағидатына негізделген. «Иілген басты қылыш кеспес» деген ұстанымды берік ұстанған ел ретінде біз өлім жазасынан саналы түрде бас тарттық. Сонымен қатар, сотталған азаматтарға жеңіл жаза тағайындап, оларды қайта қатарға қосуға мүмкіндік береміз. Дегенмен, бостандықтың қадірін түсінбейтін, қателігінен сабақ алмайтын жандардың да бар екені жасырын емес.

Қылмыс және оның салдары

Ресми деректерге сүйенсек, 2024 жылы Түркістан облысында 1806 адам сотталған. Оның 629-ы бас бостандығынан айырылса, 591-іне бас бостандығын шектеу жазасы қолданылған. Сонымен қатар, 362 азаматқа айыппұл салынып, 171-і қоғамдық жұмысқа тартылған.

Ең алаңдатарлық жайт – сот үкімімен жеңіл жаза алған азаматтардың қайта қылмыс жасау деректері. Бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған және шартты түрде сотталғандардың 168-і заңды қайта бұзған. 150 адамның жазасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылған. Бұл – қоғамға қауіп төндіретін үлкен мәселе.

Сондай-ақ пробациялық бақылауда тұрған азаматтардың да қайта қылмысқа бару деректері бар. 2023 жылы 96 сотталушы қылмысын қайталаған болса, биылғы жылдың екі айында 9 азамат қайта заң бұзған. Олардың барлығы жұмыссыз болғанын ескерсек, еңбекпен қамту мәселесінің маңыздылығы тағы да айқындала түседі.

Пробация қызметінің рөлі

Қылмыстың алдын алудағы негізгі құралдардың бірі – пробация жүйесі. Бұл қызмет сотталған азаматтарға жеңіл жаза тағайындау арқылы оларды қоғамнан оқшауламай, қайта әлеуметтендіруге бағытталған. Бірақ пробациялық бақылауда тұрған жандар белгіленген талаптарды қатаң сақтауы тиіс. Оларға тұрғылықты жерін рұқсатсыз өзгертуге, түнгі уақытта үйінен шығуға, белгілі бір орындарға баруға тыйым салынған. Алайда, кейбір азаматтар бұл шектеулерді елемей, заң бұзушылыққа қайта барады.

Пробация қызметкерлері қадағалаудағы сотталушыларды күнделікті бақылап отыруға қауқарсыз. Олардың жүктемесі жоғары болғандықтан, заң бұзушылыққа жол беретіндер бақылаудан шығып кетуі мүмкін. Осыдан барып, қайта қылмыс жасап, кейіннен қатесін түсінетіндер көп.

Қылмыстың қайталануын болдырмау үшін не істеу керек?

  1. Қоғамдық бақылауды күшейту. Жергілікті атқарушы органдар мен учаскелік полиция инспекторлары пробация есебіндегі азаматтармен тығыз байланыста жұмыс істеуі тиіс. Қоғам қауіпсіздігі – әрбір азаматқа ортақ жауапкершілік.
  2. Жұмысқа орналастыру мәселесін шешу. Қайта қылмыс жасаудың негізгі себебі – жұмыссыздық. Пробация қызметі мен мемлекеттік органдар бірігіп, сотталғандарды жұмысқа орналастыру тетіктерін жетілдіруі керек.
  3. Мамандыққа баулу. Сотталған азаматтарға нарықта сұранысы жоғары кәсіптерді меңгерту қажет. Мысалы, құрылыс, техника жөндеу, мал шаруашылығы сияқты кәсіптер бойынша арнайы оқыту курстары ұйымдастырылса, олардың қылмысқа қайта бару ықтималдығы төмендейді.
  4. Мемлекеттік бағдарламаларға қолжетімділікті арттыру. Қазіргі таңда сотталған азаматтарға бизнес ашу үшін 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар беріледі, сондай-ақ 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі бар. Осындай мүмкіндіктер туралы ақпараттың кең таралуын қамтамасыз ету маңызды.

Пробация қызметі тек сотталған азаматтарды бақылап қана қоймай, олардың қоғамға бейімделуіне көмектесуі тиіс. Сонымен бірге, қоғам тарапынан да қолдау қажет. «Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, жазасын өтеп шыққан азаматтарды шеттетпей, оларға жаңа өмір бастауға мүмкіндік берген жөн. Бұл қадам елдегі қылмыс деңгейін төмендетіп, қауіпсіз қоғам қалыптастыруға септігін тигізеді.

Түркістан облысының прокуроры
М. Тлеубердиев

Ұқсас жаңалықтар

Мектеп оқулығындағы сілтеме дауы: Оқушылар букмекерлік сайтқа тап болған

berdaly_oraz

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 7263 іс-шара басталды

berdaly_oraz

Түркістан: Келесте 8 жастағы шебер ұялы телефон жөндеуді меңгеріп алған