Қазығұрт ауданында отбасындағы дәстүрлі тәрбиені жаңғырту, ұмыт қалған салт-дәстүрлерді ұлықтау, ене мен келін арасындағы сыйластықты дәріптеу мақсатында аудандық «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ мен «Әжелер алқасының» бірлесіп ұйымдастыруымен «Көреген ене, ибалы келін» атты сайыс өтті, — деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Аталған сайыстың мақсаты – отбасы берекесінің тірегі саналатын ене мен келін арасындағы өзара сыйластықты, ұлттық тәрбиенің озық үлгілерін насихаттау және келешек ұрпаққа өнеге көрсету.
Сайыс қорытындысына сәйкес, қазылар алқасының шешімімен жеңімпаз атанған отбасылар мен «Алтын ене, Ибалы келін», «Ақылды ене, Инабатты келін», «Мейірімді ене, Сабырлы келін», «Сырбаз ене, Келісті келін», «Шебер ене, Сымбатты келін», «Қамқор ене, Әдепті келін», «Сырлас ене, Ізетті келін» «Өнегелі ене, Өнерлі келін» номинацияларына ие болған қатысушыларға бағалы сыйлықтар табысталды. Нақтырақ айтсақ, бас жүлдені Майра Көпжасарова, Айша Дүйсенбиева (Сабыр Рақымов ауыл округі) иеленсе, 1-орынды Роза Байтұрсынова, Жәния Өктемова (Қақпақ ауыл округі), 2-орынды Айжамал Бекбердиева, Әсел Серікбай (Алтынтөбе ауыл округі), 3-орынды Эльмира Сейілбекова, Фатима Әсілбекова (Шарбұлақ ауыл округі) жеңіп алды.
Сонымен қатар сайысқа қатысушы отбасылар аудан әкімі Азизхан Исмаиловтың алғыс хаттарымен марапатталды.