Қала әкімі Қайсар Маңқараевтың төрағалығымен 2024-2025 оқу жылының аяқталуына орай, балалардың жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік шаралары бойынша мәжіліс өтті, деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Арыс ауданы прокуратурасының прокуроры Қуаныш Анарбай, Арыс АПБ жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Бекжан Үсенбаев, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Дінмұхаммед Әбдімәлік, білім бөлімінің басшысы Әшімхан Момбеков, мектеп директорлары ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары қатысты.
Күн тәртібінде 2024-2025 оқу жылын аяқтау, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу туралы және жазғы демалыс кезінде балалар қауіпсіздігінің алдын алу мен шектеу шаралары, осы мақсатта қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, шомылу маусымында су айдындарындағы балалар қауіпсіздігінің алдын алу бойынша тиісті сала басшылары баяндама жасады.
Қала басшысы балалардың жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда болу керектігін жеткізді.
«Жасөспірімдердің даладағы жүріс-тұрысы ерекше қадағалауда болғаны дұрыс. Балаларға тыйым салынған жерлерге шомылу, заңсыз көлік шерулерін ұйымдастыру, тыйым салынған жерлерге алау жағу қауіпті екенін түсіндіру қажет. Кез келген ата-ана аталған ескертулерге құлақ асып, балаларымен дұрыс әңгімелессе, онда жазғы демалыс мерзімі оқушылар үшін тамаша демалыс болатынына сенім зор», – деді Қайсар Зәкірұлы.
Айта кетейік, биыл Арыс қаласы көлемінде жалпы орта білім беретін мектепті 1 249 оқушы аяқтайды. Оның ішінде жалпы 64 бітіруші «Алтын белгіге», 159 бітіруші үздік аттестатқа үміткер.
Одан бөлек, әлеуметтік осал топқа жататын отбасынан шыққан балаларды қолдау бойынша 2024-2025 оқу жылы жазғы демалыс лагерлерімен 1 398 баланы қамтамасыз ету жоспарлануда.