Түркістан облысында білім беру мекемелерін толық қауіпсіздік жүйесіне қосу мәселесі талқыланды
Түркістан облысында білім беру ұйымдарын Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосу жұмыстары жалғасуда. Бұл шара Мемлекет басшысының барлық білім беру мекемелерін 100% қауіпсіздік жүйелерімен қамту тапсырмасын орындауға бағытталған.
Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиынға Білім басқармасы басшысының м.а. Ғалымжан Орынов, Полиция департаменті бастығының орынбасарлары Бағланбек Айтпаев пен Мұрат Естемесов, облыстық Цифрландыру басқармасы және байланыс операторлары қатысты. Кездесуде білім нысандарындағы қауіпсіздік жүйелерінің тиімділігі мен жедел басқару орталығына қосу барысы талқыланды.
Қазіргі таңда облыстағы 1259 мемлекеттік білім беру мекемесінің 827-сі жедел басқару орталығына қосылған. Дабыл түймелері барлық нысанда орнатылған. Турникет жүйесі мен арнайы күзет қызметі толық қамтамасыз етілген. Жекеменшік сектордағы мыңнан астам мекемеде дабыл батырмасы бар, 65 мекеме турникетпен жабдықталған, ал 500-ге жуық ғимаратта күзет қызметі жұмыс істейді.
Мектепке дейінгі ұйымдар да террористік тұрғыдан осал нысандар тізімінде. Мемлекеттік балабақшалар цифрландыру басқармасының бюджеті есебінен жедел басқару орталығына қосылып жатыр. Қазіргі таңда 15 балабақша жүйеге қосылған, алдағы уақытта бұл жұмыс кезең-кезеңімен жалғасады.
«Бала қауіпсіздігі – басты міндет. Жедел басқару орталығына қосылмаған мекемелердің мәселесін ең қысқа мерзімде шешуіміз керек. Бұл – ата-аналардың сенімі мен балалардың алаңсыз білім алуына кепілдік беретін шарт», – деді Бейсенбай Тәжібаев.
Облыстық Білім басқармасы, Полиция департаменті және Цифрландыру басқармасы үшжақты жоспар арқылы барлық мекемені толық қауіпсіздік жүйесіне қосу жұмыстарын жалғастыруда.
