Отырарда Шәмші Қалдаяқовқа арналған мерекелік концерт өтті,-деп хабарлайды Арысинфо.кз.
Биыл Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек ері, Мемлекеттік Әнұранның авторы Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл толды. Осыған орай Отырар ауданында «Әнім сен едің» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Шараға облыстың өнер сүйер тұрғындары, шығармашылық қауым өкілдері және белгілі қонақтар қатысты.

Салтанатты жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев құттықтау сөз сөйлеп, ұлы композитордың туған жерінде өткізілген концерттің тарихи мәні мен маңызын атап өтті. Сонымен қатар әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек және Шәмшінің қарындасы Райхан Домбаева мерекелік кештің ұйымдастырушыларына алғысын білдіріп, композитордың шығармашылығын насихаттау шараларының жастар үшін үлкен тәрбие рөлін атқаратынын айтты.
Кештің бастамасы ретінде қонақтар орталық алаңдағы Шәмші Қалдаяқов ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлы композиторға құрмет көрсетті. Кейін жиналғандар музей-үйде сақталған жәдігерлермен танысты: музыкалық аспаптар, жеке заттар, арнайы дайындалған кітап көрмесі және белгілі суретші Мәлік Әлмаханның туындылары.
Өнер кешінде композитордың өмір жолы мен шығармашылығы жан-жақты насихатталып, оның өміршең әндері шырқалды. Досымжан Таңатаров, Мирас пен Құралай, Хадиша Шалабаева, Еркін Нұржанов, «Меломен» тобы және Шәмшінің есімімен аталған облыстық филармония ұжымы өнер көрсетті. Әр әннің өз тарихы мен сыры бар: «Сыған серенадасы», «Өмір-өзен» сынды шығармалар сазгердің терең өмір тәжірибесін бейнелейді.
Концерт соңында барлық қатысушылар «Шалқыған Шәуілдір» әнін тамашалап, кешті қорытындылады. Шәмшінің әуені мен Отырардың тарихи шежіресі ұрпақ жадында мәңгі сақталады.
Айта кетейік, облыс тарапынан композитордың есімін дәріптеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы екі жылда филармония ұжымы Алматыдағы Республика сарайы мен Астанадағы «Қазақконцерт» залында «Ән аға – жан аға» атты концерттер өткізіп, шығармашылық мұрасын кеңінен танытуда.
