ТҮРКІСТАНДА ТҰҢҒЫШ РЕТ ӨТКЕН ТҮНГІ МАРАФОНҒА 3 МЫҢҒА ЖУЫҚ АТЛЕТ ҚАТЫСТЫ

Дереккөз, фото: Түркістан обл әкімдігі

Түркістан қаласында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай алғаш рет «Turkestan Night Run – 2026» түнгі жүгіру марафоны ұйымдастырылды. Ауқымды спорттық шараға 3 мыңға жуық атлет қатысып, қала тұрғындары мен қонақтарының қызығушылығын тудырды.

«Turkestan Night Run – 2026» – тек жүгіру жарысы ғана емес, Ұлы Жібек жолының рухын заманауи форматта жаңғыртқан ерекше фестиваль. Іс-шараның басты ұраны – «Сен жай ғана жүгірмейсің – сен ғасырларға созылған жолдан өтесің». Бұл идея қатысушыларға тарихи керуен сапарын символикалық түрде сезінуге мүмкіндік берді.

Марафонның ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

– Бұл іс-шара тек спорттық жарыс емес, бірлік пен жігердің, салауатты өмір салтын насихаттайтын мереке. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден келген кәсіби спортшылар мен әуесқой жүгірушілер жиналды. Осындай ауқымды шараның Түркістанда өтуі – біз үшін үлкен қуаныш. Марафон бұқаралық спортты дамытуға ғана емес, қаланың туристік және спорттық әлеуетін арттыруға да ықпал етеді, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Жарыс кешкі уақытта басталып, қала көшелері жарық шамдармен безендіріліп, музыкалық сүйемелдеумен және театрландырылған көріністермен ерекше атмосфераға бөленді. Трасса бойында «Оазис», «Уақыт құмдары», «Қасиетті Түркістан» секілді тақырыптық аймақтар жасақталып, тарихи сапар кезеңдері бейнеленді.

Халықаралық деңгейде өткен марафонға 6 елден келген 70 шетелдік спортшы, сондай-ақ Қазақстанның әр өңірінен келген 800-ге жуық қатысушы қатысты. Жалпы шараға 5 мыңнан астам адам жиналды. Қатысушылар 5, 10 және 21 шақырым қашықтықтарда сынға түсті.

Кеш барысында көрермендер үшін би сайыстары, викториналар мен балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды. Жарыс соңында жеңімпаздар марапатталып, қатысушыларға сыйлықтар табысталды.

«Turkestan Night Run – 2026» спорт, мәдениет және тарихты тоғыстырған ерекше жоба ретінде Түркістанның халықаралық деңгейдегі спорттық-туристік орталық ретіндегі әлеуетін танытты.

Ұқсас жаңалықтар

Арыс ауданындағы Монтайтас ауылында тұрғын үй моншасынан өрт шықты

berdaly_oraz

Түркістан: Түлкібастық шаруа мал азығының жаңа түрін өсіруді қолға алды

Сергей Пономарёв: «Дипфейктер – ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіріп отыр»

berdaly_oraz