Спорт – мемлекет мәртебесін көтеріп, ұлттың намысы мен рухын асқақтататын салалардың бірі. Қазақстан спортының жетістігі – елдің беделін айқындайтын маңызды көрсеткіш. Бұл тұрғыда Арыс қаласы да спортты дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше мән беріп келеді. Әлемдік аренада көк туымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқатқан талай арыстық спортшылар бар.
Елімізде дәстүрге сай тамыз айының үшінші жексенбісі – кәсіби «Спорт күні» ретінде аталып өтеді. Осы мерекеге орай Арыс қаласының Орталық стадионында қаладағы спорт мекемелері арасында кең ауқымды спартакиада өтті.
Шараны қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырды. Жарыс бағдарламасына спорттың сегіз түрі енгізілді. Қатысушылар командалық және жекелей сындарда бақ сынап, өз өнерлерін ортаға салды.
Әсіресе ұлттық спорт түрлеріне айрықша көңіл бөлінді. Шағын футбол, арқан тарту, асық ату, ләңгі тебу сияқты ұлттық ойындардан бөлек, гір тасын көтеру сынды күшті қажет ететін спорт түрлерінен де мықтылар анықталды. Мұндай жарыстар жастар арасында спортқа деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, ұлттық дәстүрді дәріптеуге де ықпал етті.
Жарыстың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте бірінші орынды №1 Балалар және жасөспірімдер спорт мектебі жеңіп алды. Екінші орынға «Арыс» футбол және ұлттық спорт мектебі ие болса, үшінші орынды №3 Спорт мектебі еншіледі.
Жекелеген спортшылар да ерекше көзге түсіп, үздік ойын өрнегін көрсетті. Жеңімпаздарға қала әкімінің атынан алғыс хаттар, кубоктар және медальдар табысталды. Бұл марапат спортшылардың еңбегін бағалаумен қатар, алдағы жетістіктерге жігер беретін маңызды қолдау болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай спорттық іс-шаралар қала тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамытуға жол ашады. Сонымен қатар, балалар мен жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру, талантты спортшыларды анықтау – негізгі мақсаттардың бірі.
Айта кету керек, Арыс қаласында соңғы жылдары спорттық инфрақұрылым да дамып келеді. Жаңа спорт алаңдары салынып, қолданыстағы нысандар жөндеуден өткізілуде. Бұл спортпен жүйелі түрде айналысуға жағдай жасап, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.
Кәсіби «Спорт күніне» арналған осындай спартакиадалар ел ішінде спорт рухын көтеріп қана қоймай, ынтымақ пен бірлікті нығайтатын мерекеге айналды.
