Жаңа оқу жылы қарсаңында Түркістан облысының Жетісай ауданында дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық акциясы өтті. Басты мақсат – әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы балалардың мектептен шет қалмауын қамтамасыз етіп, барлығына тең мүмкіндік беру.
Шараны аудандық әкімдік пен білім бөлімі бірлесе ұйымдастырды. Оған Жетісай ауданы әкімдігі аппаратының басшысы Есенгелді Алданиязов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, мәслихат депутаты Эльмира Темірбаева және білім бөлімінің басшы міндетін уақытша атқарушысы Шоқан Адайбеков қатысты. Қонақтар ата-аналар мен балаларға жаңа оқу жылына табыс тілеп, акцияның қоғам үшін маңызын атап өтті.
Іс-шараға мыңнан астам ата-ана мен оқушы жиналды. Жәрмеңкеде облыс пен аудан аумағындағы отызға жуық кәсіпкер өз өнімдерін ұсынды. Олардың арасында мектеп формасын тігушілер, кеңсе тауарларын сатушылар, оқулық пен оқу құралдарының жеткізушілері бар. Саудаға қойылған тауарлар базар бағасынан 15–20 пайызға арзан болды. Бұл әсіресе көпбалалы және табысы төмен отбасылар үшін үлкен көмек болды.
Акция аясында мектепке қажетті заттармен қамтылған балалардың қуанышы ерекше байқалды. Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының ауласында өткен жәрмеңке мерекелік сипатта ұйымдастырылып, ата-аналарға ыңғайлы жағдай жасалды.
Сонымен қатар «AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» және «Балаларды мектепке даярлайық» жобалары шеңберінде қосымша қайырымдылық шарасы өтті. 150 бүлдіршінге сөмке, дәптер, қалам мен түрлі оқу құралдары тегін таратылды. Бұл демеушілердің қолдауымен жүзеге асып, көптеген отбасына қуаныш сыйлады.
Жетісай ауданында білім саласына айрықша көңіл бөлініп келеді. Мұндай әлеуметтік бастамалар тек ата-аналардың жүктемесін жеңілдетіп қана қоймай, балалардың сабаққа толық қатысуына жол ашады. Әрбір оқушының мектепке баруына жағдай жасау – мемлекет пен қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі.
Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясы жыл сайын еліміздің барлық өңірінде өткізіледі. Жыл өткен сайын қамтылатын балалардың саны артып, кәсіпкерлер мен демеушілердің белсенділігі жоғарылап келеді. Бұл – ел ішінде қайырымдылық мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Жаңа оқу жылы қарсаңындағы осындай шаралар арқылы Жетісайдағы жүздеген бала өз қатарларынан қалмай, мектеп партасына сенімді отырады. Ал бұл – олардың болашағы үшін ең үлкен қолдау.
