Түркістанда 25,8 млрд теңгелік жаңа тоқыма фабрикасы салынып жатыр.
«TURAN» арнайы экономикалық аймағында «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС мақта-мата жіптері мен джинс матасын өндіретін заманауи кәсіпорын салуда. 20 гектар аумақта жүзеге асырылып жатқан жобаның алғашқы кезеңін 2026 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған.
Кәсіпорын толық қуатына шыққанда 1000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Жоба Түркістанда өндірілетін мақта шикізатын терең өңдеп, қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Қазір өндірістік ғимараттардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Инженерлік инфрақұрылым – электр, газ, су желілерін тарту жұмыстары да аяқталуға жақын.
Жобаның іске асуы Түркістанның өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, мақта өсіретін өңірден мақтаны өңдеп, дайын өнім шығаратын индустриялық орталыққа айналуына жол ашады.
