Арыс қаласында бюджет кірісін ұлғайтуға бағытталған рейдтік түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр

Арыс қаласында бюджет кірісін ұлғайтуға бағытталған рейдтік түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр,-деп хабарлайды Арысинфо.кз тілшісі.

Арыс қаласында салықтық түсімдерді көбейту мақсатында арнайы жұмысшы топ кәсіпкерлік нысандарын аралап, түсіндіру шараларын қолға алды. Бұл жұмыстарды қала әкімінің орынбасары Рысдәулет Айтбаевтың жетекшілігімен құрылған топ үйлестіруде.

Құрамында Арыс қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы міндетін атқарушы Нұрсұлтан Адамқұлов, қалалық экономика және қаржы бөлімінің жетекшісі Марат Асанов және өзге де жауапты сала басшылары бар топ бизнес өкілдерімен жүздесіп, бюджет кірісін арттырудың тетіктерін талқылауда.

Жұмыс барысында мамандар кәсіпкерлерге жалдамалы жұмысшыларды заңды түрде рәсімдеудің маңызын түсіндірді. Қызметкерлерді көлеңкелі түрде жұмысқа алу салық түсімдерін азайтып қана қоймай, жұмысшылардың әлеуметтік кепілдіктеріне де нұқсан келтіретіні айтылды. Сонымен бірге, коммерциялық мақсаттағы ғимараттарды қайта бағалау қажеттігі жөнінде түсінік берілді. Бұл қадам жергілікті қазынаға қосымша кіріс әкелетініне назар аударылды.

Түсіндіру жұмыстары ең алдымен тойхана, асхана, кафе және басқа да қоғамдық тамақтану орындарында жүргізілді. Өйткені мұндай нысандарда жалдамалы жұмысшылар көп болғанымен, олардың барлығы заңды түрде тіркелмей жатады. Мамандар кәсіпкерлерге мұндай жағдайдың салдары туралы жан-жақты ақпарат беріп, заң аясында әрекет етудің тиімділігін түсіндірді.

Қала әкімдігі өкілдерінің айтуынша, бұл шара бір реттік акция емес, тұрақты түрде жалғасатын жұмыстардың бастамасы болып табылады. Алдағы уақытта түсіндіру жұмыстары басқа да сауда орындарында, қызмет көрсету салаларында, өндірістік кәсіпорындарда жүргізіледі.

– Салықтық тәртіпті күшейту – қала бюджетін нығайтуға ықпал етеді. Бюджетке түсетін қаржы есебінен әлеуметтік нысандар салынып, инфрақұрылым дамиды. Сондықтан әр кәсіпкердің жауапкершілігі маңызды. Біз түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, барлық бизнес өкілдерін заңды жұмыс істеуге шақырамыз, – деді қала әкімінің орынбасары Рысдәулет Айтбаев.

Сарапшылардың пікірінше, бюджет кірісінің артуы Арыс қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында елеулі рөл атқарады. Бұл ең алдымен жаңа мектептер мен балабақшалар салуға, жолдарды жөндеуге, абаттандыру жұмыстарына қаржы бөлуге мүмкіндік береді. Яғни әрбір төленген салық тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер етеді.

Арыс қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, мұндай түсіндіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізіліп, қаладағы салықтық тәртіпті күшейтуге бағытталады. Әкімдік алдағы уақытта бұл бағытта кәсіпкерлермен ашық диалог орнатып, барлық түйткілді мәселелерді бірлесіп шешуді көздеп отыр.

Бердалы ОРАЗ

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ЖЕТІСАЙДА БОЛҒАН ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒАДАН КЕЙІН ОҚИҒА ОРНЫНА БАРЫП, ЖҰРТҚА КӨҢІЛ АЙТТЫ

berdaly_oraz

Ерұлан Жамаубаев Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды

berdaly_oraz

ТҮЛКІБАСТА 20 ШАҚЫРЫМНАН АСТАМ ЖОЛ БОЙЫ ТАЗАЛАНДЫ

Redaktor Arysinfo