Жаңа оқу жылы қарсаңында Түркістанда «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында облыстық педагогикалық тамыз кеңесі өтті.
Жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова және өзге де сала өкілдері қатысты. Пленарлық отырысқа мыңға жуық мұғалім тікелей, 20 мыңнан астам педагог онлайн түрде қосылды.
Кеңес алдында қатысушылар білім беру саласындағы инновациялық жобалар көрмесін тамашалады. Оның ішінде Қазақстандағы алғашқы жасанды интеллект репетитор, цифрлық экожүйелер және стартаптар ұсынылды.
Өз сөзінде өңір басшысы жаңа оқу жылындағы басты міндеттерді атап өтті. Түркістанда Оңтүстік Кореяның «Woosong Kazakhstan» IT университеті ашылып, оған 100 грант бөлінді. Сондай-ақ биыл 17 жаңа білім нысанының құрылысы жүріп жатыр, жыл соңына дейін 16 мектеп пайдалануға берілмек.
Аймақ бойынша 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 99%-ға жетті. Қауіпсіздікке басымдық беріліп, мектептер бейнебақылау, турникет және дабыл түймелерімен толық жабдықталды.
Жиын соңында үздік педагогтар «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің және облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
