Түркістан облысында жаңа оқу жылына дайындық қызу жүріп жатыр. Биыл өңірдегі 100 мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, 2024-2025 оқу жылында мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру басты назарда. «Биыл 16 мыңнан астам педагог түрлі курстар арқылы білімін жетілдіреді. Оның ішінде 7 309 мұғалім қазіргі уақытта курстардан өтіп үлгерді. Жыл соңына дейін тағы 8 720 ұстаз қосымша даярлықтан өтеді. Бұл – білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам», – деді ол.
Сонымен қатар, алғаш рет «Ұстаз» ұлттық платформасы арқылы педагогтердің аттестациясы өтуде. 12 мыңнан астам мұғалім осы жүйе арқылы құжат тапсырған. Ал тәрбие бағыты бойынша жаңа оқу жылынан бастап барлық мектептерде «Адал азамат» бірыңғай бағдарламасы енгізілмек.
Балалардың қосымша білім алуына да ерекше көңіл бөлінген. Қазіргі таңда облыстағы 42 қосымша білім беру ұйымында 28 мыңнан астам оқушы түрлі үйірмелерге қатысады. Ал мектеп жанындағы үйірмелерге 417 мыңнан аса бала тартылған. Жаңа оқу жылында шамамен 6 мың оқушыны қамтитын бес жаңа орталықтың құрылысы басталады. Бұған қоса, биыл алғаш рет бес мемлекеттік лагерьге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, 52 модульдік жатақхана орнатылып, жазғы демалыспен 43 мыңнан астам бала қамтамасыз етілген.
Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін де жағдай жасалуда. Қазіргі таңда облыста 17 түзету кабинеті, 7 интернат пен 10 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес (ПМПК) мекемесі жұмыс істейді. Жақын арада Қазығұрт, Түлкібас және Сауран аудандарында жаңа ПМПК ашылмақ.
Биылғы жылдың тағы бір маңызды жобасы – «Келешек мектептері». Өңірде барлығы 29 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның 13-і өткен жылы пайдалануға берілсе, биыл 16 нысанның құрылысы аяқталуы тиіс. Бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен 17 жаңа білім беру нысаны салынып жатыр. Ал жалпы 59 мектепте ағымдағы жөндеу жүргізілуде.
Техникалық және кәсіптік білім де назардан тыс қалмаған. Бүгінде облыста 16,5 мың студент жұмысшы мамандықтары бойынша білім алып жатыр. 2025 жылға қарай 15 500 грант бөлінсе, оның 9 500-і нақты осы салаларға бағытталмақ.
Мамандардың айтуынша, білім саласына құйылған бұл инвестициялар Түркістан облысында мектептердің материалдық базасын нығайтып қана қоймай, балаларға сапалы білім алуға және мұғалімдердің кәсіби дамуына кең мүмкіндік береді.
