Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев Шағыр ауылы тұрғындарымен кездесті

Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев Шағыр ауылында болып, тұрғындармен еркін форматта жүздесті. Кездесуде ауыл халқының көкейкесті мәселелері талқыланып, нақты ұсыныстар тыңдалды.

Жиында ең өзекті тақырыптың бірі ауылішілік көшелермен ауыр жүк көліктерінің жүруі болды. Тұрғындардың айтуынша, бұл жағдай әсіресе электронды таразы орнатылғаннан кейін жиілей түскен. Салдарынан ауыл көшелерінде көлік қозғалысы көбейіп, жол қауіпсіздігіне қатер төнуде. Әсіресе жаңа оқу жылы қарсаңында балалардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық арта түскені айтылды.

Қала әкімі мәселенің мән-жайын өзі барып көрді. Тексеру барысында кейбір жүргізушілер таразыдан өтпеу үшін ауылішілік көшелерді пайдаланатыны белгілі болды. Тіпті кей жағдайда жүк көліктері мемлекеттік нөмірін шешіп өтіп, заңсыз әрекетке жол беріп отырған.

Осыған байланысты Қайсар Маңқараев жергілікті полиция бөліміне ауыл аумағында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруды тапсырды. Әкім атап өткендей, аталған жол облыстық маңызға ие болғандықтан, оның күтімі мен жөндеу жұмыстары Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының құзырында. Бұл ретте қала әкімдігі облыстық басқармамен бірлесіп, мәселені түбегейлі шешу үшін кешенді шара қабылдайтынын жеткізді.

Кездесуде ауыл тұрғындары басқа да мәселелерді көтерді. Соның ішінде ауызсу сапасы мен ауылішілік жолдарды жөндеу мәселелері ерекше назарға алынды. Қала басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың кезең-кезеңімен жүзеге асатынын, тиісті жобаларға қаржы тартылып жатқанын атап өтті.

Қайсар Маңқараев тұрғындардың өтініш-тілектеріне құлақ асатынын айтып, әрбір мәселенің шешімін табу үшін нақты қадам жасалатынын жеткізді. «Халықтың талап-тілегін орындау – жергілікті биліктің басты міндеті. Әсіресе қауіпсіздік пен әлеуметтік жағдайға қатысты мәселелер әрдайым бақылауда болады», – деді қала әкімі.

Шағыр ауылындағы кездесу жергілікті халықтың билікпен ашық диалог алаңы болды. Тұрғындар көкейіндегі мәселесін жеткізіп, қала әкімінен нақты жауап алды. Ал әкімдік өз тарапынан тұрғындардың амандығы мен ауылдағы тұрмыс сапасын жақсарту үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға дайын екенін білдірді.

Бердалы Ораз ( аймақ тілшісі)

Ұқсас жаңалықтар

Түркістандық үш полицей 18 жастағы қызға зәбір көрсетті деген күдікке ілінді

berdaly_oraz

Түркістан облысында өңірлік нышан жобасы бойынша мәжіліс өтті

Түркістанда ҚМДБ-ның Ислам институты ашылмақ