Алматыда «WTT Contender Almaty 2025» турнирі өтіп жатыр. Қазіргі таңда 21 елден келген 143 спортшы жүлделі орындар үшін бақ сынауда. Бұл жолы жүлде қоры 100 мың АҚШ доллары көлемінде бекітілген, деп хабарлайды Arysinfo.

Алматыда халықаралық доданың алғашқы күні аяқталды. 2 қыркүйекте ADD Ustel Tennis Ortalygy орталығының корттарында әйелдер және ерлер арасындағы жекелей сын бойынша квалификациялық кезеңнің жарыстары өтті. Жарыстың алғашқы күні жанкүйерлерді спортшылар тартысты ойынымен қуантты. Бірінші күн қорытындысы бойынша, үшінші раундқа Қазақстаннан келесі спортшылар шығып, топ жарды:
Абдулла Мамай (Алматы)
Владислав Захаров (Қарағанды)
Искендер Харки (Жамбыл облысы)
Ертең бұл спортшылар турнирдің негізгі кезеңіне өту үшін таласады. Нақтырақ айтқанда:
Абдулла Мамай — Флориана Буррассо (Франция)
Владислав Захаров — Юань Лицен (Қытай)
Искендер Харки — Льва Кацман (Ресей).
Айта кету керек, аталған беделді турнир Қазақстанда осымен төртінші мәрте өтіп жатыр. Биыл Қазақстаннан 38 спортшы қатыспақ. Оның ішінде ұлттық құрама көшбасшылары Алан Құрманғалиев, Жания Бекмұхамбетова, Анель Бақыт секілді белді теннисшілер де бар. Одан бөлек турнирге Аустралия, Вьетнам, Германия, Жапония, Иран, Испания, Корея, Қытай, Люксембург, Малайзия, Мексика, Өзбекстан, Румыния, Сауд Арабиясы, Сербия, Сингапур, Словакия, Словения, Үндістан, Франция және Қазақстан елдерінің спортшылары өтініш берген. Олардың қатарында үш дүркін Еуропа чемпионы словениялық Дарко Йоргич, жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, жапониялық спортшы Сора Мацушима, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, германиялық Шань Сяона, әлем чемпионатының қола жүлдегері Хонока Хашимотоларды (Жапония) атап өтуге болады.

Матчтар Алматы қаласындағы «ADD Ustel Tennis Ortalygy» (Нуркент шағын ауданы, 14Б) кешенінде өтеді. Ал билеттер kino.kz сатылымда бар. Одан бөлек жарыстар «Qazsport» телеарнасы мен World Table Tennis (WTT) ресми YouTube-арнасында тікелей эфирде трансляцияланады.
