АРЫС ҚАЛАСЫНДА «ULY DALA CUP» ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР САЙЫСЫ ӨТТІ

Арыс қаласында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға арналған «ULY DALA CUP» ұлттық ойындар сайысы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шараны қалалық «Ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ және «Руханият орталығы» КММ бірлесіп өткізді.
Сайыстың ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Ерғали Омарұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілеп, ұлттық ойындардың жастарды намысшылдыққа, ептілікке, бірлікке баулитын тәрбиелік мәніне тоқталды.
Жарыс бағдарламасы қазақша күрес, қошқар көтеру, гір тасын көтеру, қол күрес және арқан тартыс сынды ұлттық спорт түрлерін қамтыды. Қала мен ауылдан келген 7 команда топтық және жекелей сындарда бақ сынады.
Бұл күні жеңімпаздар анықталып, арнайы марапаттар табыс етілді:
🥇 I орын – Арыс командасы
🥈 II орын –№1 БЖСМ
🥉 III орын – №2 БЖСМ командалары еншіледі.
Сайыстың мәртебесін арттырған ерекше оқиға – Арыс мақтанышы Азамат Мақұлбековтің төрелік етуі болды. Ол өткен аптада Алматыдағы «Медеу денсаулық сатысында» 100 келілік өгіз муляжімен 842 баспалдақты бағындырып, Қазақстан рекордтар кітабына енген еді. Осындай жетістігімен ел мерейін үстем еткен азаматтың өзі төрелік етуі – қатысушыларға зор шабыт, үлкен абырой сыйлады.
Жарысқа қатысушылар үшін бұл күн тек жеңіс қуанышы ғана емес, табандылық пен намыстың, ұлттық рухтың мерекесіне айналды.

Ұқсас жаңалықтар

Монтайтаста алаяқтар тұрғындарды 12 миллион теңге қарызға батырды

berdaly_oraz

Түркістан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілуде

berdaly_oraz

«800 мың теңге бопсалаған» Друг-вокруг арқылы танысқан жігіт қыздардың құрған қақпанына түсіп қалды

berdaly_oraz