ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА А ГЕПАТИТІНЕ ШАЛДЫҚҚАНДАР АЗАЙДЫ

Түркістан облысында вирусты А гепатитімен тіркелген науқастар саны азайған. Биылғы жылдың 9 айында өңірде 61 жағдай анықталып, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге төмендеген.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ақерке Мақұлбекқызының айтуынша, науқастардың басым бөлігі – балалар. Олардың 49,1 пайызы – мектеп оқушылары, ал 24,5 пайызы – мектепке дейінгі жастағылар.

Маман аурудың алғашқы белгілерін жиі тұмаумен шатастырып алатынын айтты. Әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, тәбеттің төмендеуі, жүрек айну, іштің оң жақ бөлігі ауырсыну және терінің сарғаюы – гепатиттің басты белгілері.

Ақерке Мақұлбекқызының сөзінше, дерттің алдын алудың ең тиімді жолы – екпе салдыру. «А гепатитіне қарсы вакцинация елімізде тегін жүргізіледі. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, екпе екі кезеңмен, 6 ай аралықта салынады», – деді ол.

Мамандар тұрғындарды жеке гигиена ережелерін сақтап, белгісіз тамақ өнімдерін тұтынбауға шақырды.

Ұқсас жаңалықтар

Арыстағы әскери бөлімшеде оқушыларға арналған ашық есік күні өтті

Түркістан облысында өрт қауіпсіздігін сақтау және суға шомылу маусымындағы сақтық іс-шаралары күшейтіледі

Астанада салынатын LRT вагондары Қытайда жасалып жатыр

berdaly_oraz