Түркістан облысында егістік алқаптардың көлемі мен өнімділігі жылдан жылға артып келеді. Биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектарға егілді. Соңғы үш жылда тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларының кеңінен қолданылуы нәтижесінде егіс көлемі 43,4 мың гектарға ұлғайды. Әсіресе, Отырар, Арыс, Сарыағаш, Бәйдібек және Сауран аудандарында өсім айқын байқалады. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.
Цифрландыру әдістерін кеңінен енгізу қажет. Егіс және суару жұмыстарын нақты жоспарлауға мүмкіндік беретін кешенді жол картасын әзірлеу керек. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2026–2029 жылдарға арналған жоспары дайындалып, нақты көрсеткіштермен бекітілуі тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биылғы жылы дәнді дақылдар 342 мың гектарға, майлы дақылдар 73 мың гектарға егілді. Сондай-ақ, көкөніс пен картоп 55,9 мың гектарға, бақша дақылдары 62 мың гектарға, мал азығы 229,9 мың гектарға, мақта 144,5 мың гектарға егіліп, көлем ұлғайған.
Егіс науқандарын қолдауға мемлекет тарапынан ауқымды көмек көрсетілді: дала жұмыстарына 93,3 мың тонна жанар-жағармай бөлініп, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. Сонымен қатар, 781 мың гектар жерге 227,1 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізіліп, жоспар 120 пайызға орындалған.
Қаржыландыру тетіктері де кеңейіп отыр. Аграрлық несие корпорациясы, Оңтүстік және Ырыс ұйымдары арқылы 2 329 жобаға 26,4 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,6 есе көп. Ауыл шаруашылығы техникаларының паркі жаңартылып, 1 531 жаңа техника алынған.
Нәтижесінде өнім көлемі айтарлықтай өсті: биыл 695 мың тонна дәнді дақыл, 1,5 млн тонна көкөніс пен картоп, 1,7 млн тонна бақша өнімі, 5,2 млн тонна мал азығы және 428 мың тонна мақта жиналды. Мақта өнімділігі 1,4 есеге, күріш 2,3 есеге артқан.
Су үнемдеу технологиялары да кең қолданысқа енуде. 2024 жылы 59 мың гектар жерге заманауи суару жүйелері енгізілді. Оның ішінде 54,6 мың гектарға тамшылатып, 4,4 мың гектарға жаңбырлатып суару орнатылған. Бұл тәсіл суды екі есеге дейін үнемдеп, өнімділікті арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Мақта егісінде жаңа технологияның көмегімен гектарына екі есеге дейін көп өнім алынған. Ал күріш алғаш рет тамшылатып суару әдісімен егілгенде гектарынан 4–5 тонна өнім жиналды. Болашақта бұл көрсеткішті 6–7 тоннаға дейін жеткізу жоспарда.
Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласында жаңа технологияларды енгізіп, суды үнемдеп, жердің құнарын арттыру арқылы өнімділікті арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастыра береді.
