«16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні», қазаққа оңай келген жоқ

Сурет: gov.kz

16 желтоқсан – Қазақстан тарихындағы ең маңызды әрі ең ауыр күндердің бірі. Бұл күн – тек ел тәуелсіздігінің жарияланған мерзімі ғана емес, азаттық жолында құрбан болған мыңдаған тағдырдың, үзілген үміт пен сынған ғұмырдың естелігі. Қазақ халқы тәуелсіздікке бір күнде, бір құжатпен жеткен жоқ. Бұл жол ғасырларға созылған күреспен, отаршылдық саясаттың, ашаршылық пен қуғын-сүргіннің, ұлттық рухты жоюға бағытталған түрлі зобалаңның салдарымен өрілді.

XVIII–XIX ғасырларда қазақ жері патшалық Ресейдің ықпалына біртіндеп өтті. Жерден айыру, дәстүрлі басқару жүйесін жою саясаты күшейді. Кеңестік кезеңде де ұлт тағдыры ауыр сынақтарға тап болды. 1920–1930 жылдардағы ашаршылық миллиондаған адамның өмірін қиды. Ұлт зиялылары қуғындалып, ұлттық сана тұншықтырылды.

Соған қарамастан, еркіндікке деген ұмтылыс ешқашан тоқтаған емес. Бұл күрестің айқын көрінісі – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Алматының орталық алаңына шыққан жастар саяси шешімдерге қарсылық білдіріп, ұлттық намысты қорғауға тырысты. Бейбіт талап күшпен басылып, көптеген жас жапа шекті. Дегенмен бұл оқиға тәуелсіздікке бастар жолдағы маңызды кезеңдердің біріне айналды.

1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялап, жаңа тарихи дәуірге қадам басты. Егемен ел ретінде мемлекет өзінің саяси, экономикалық және мәдени бағытын айқындады.

Бүгінде Тәуелсіздік күніне арналған іс-шаралар еліміздің барлық өңірінде өтіп жатыр. Соның бірі – Түркістан облысы Төлеби ауданында ұйымдастырылып жатқан қазақ күресінен «AMANAT BARYSY» турнирі. Дода Түркістан облыстық AMANAT партиясы филиалының бастамасымен, аудандық мәслихат пен партияның аудандық филиалының қолдауымен өткізіліп отыр.

Аталған турнир ұлттық спортты дәріптеумен қатар, жас буынды батылдыққа, табандылыққа және елдік рухқа тәрбиелеуді мақсат етеді. Биыл жарысқа өңірдің ең мықты 25 балуаны қатысып, тартысты белдесулер өтуде. Әрбір белдесу – жігер мен намыстың, ұлттық рухтың көрінісі.

Турнирдің ашылу рәсіміне «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Алтынсары Үмбеталиев, аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, сондай-ақ Түркістан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Құдияров қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Тәуелсіздік – ата-бабадан қалған аманат. Оны сақтау, нығайту және келер ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Сондықтан 16 желтоқсан – жай ғана мереке емес, өткенге тағзым жасап, болашаққа жауапкершілікпен қарауды талап ететін тарихи күн.

Бердалы ОРАЗ

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан: аппарат басшысы тұрғындардың өтініштерін тыңдады

Қызылорда қаласында «Ауыл» партиясының жақтастары Конституциялық реформаны қолдап, жиын өткізді

Redaktor Arysinfo

Звезды казахстанской эстрады объединились в поддержку новой Конституции – народный гимн «Халықтың Ата Заңы»

berdaly_oraz