ТҮРКІСТАНДА ТОҚЫМА ӨНЕРКӘСІБІНІҢ ЖАҢА ДӘУІРІ БАСТАЛДЫ

 Түркістан қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында толық циклді тоқыма бұйымдарын өндіру бойынша мақта агроөнеркәсіптік кешені іске қосылды. «Түркістан тоқыма» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (Kazakhstan Lihua) жіп иіріп, мата өндіретін ірі өндірістік кешені өз жұмысын бастады. Бұл маңызды оқиға өңірдің ғана емес, тұтас елдің жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту жолындағы жаңа кезеңнің басталғанын айғақтайды.
Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, зауыттың іске қосылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында қойылған терең өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттермен толық үндес екенін атап өтті. Өңір басшысы өз сөзінде Түркістан облысында мақта кластерін дамытуға ерекше мән беріліп отырғанын жеткізді. Жаңа зауыттың ашылуы өңір экономикасын дамытудағы стратегиялық қадам екенін атап өткен облыс әкімі мақтаны терең өңдеу экономикалық тәуелсіздіктің негізі екенін айтты. Сондай-ақ Түркістанның болашағы тек рухани-мәдени орталық ретінде ғана емес, өндірісі мен инновациясы дамыған заманауи экономикалық орталық ретінде қалыптасуы тиіс екенін ерекше екенін айтты.
«Turan» арнайы экономикалық аймағынан 42 гектар жер бөлінген өндірістік кешеннің жалпы инвестициялық құны – 86,2 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталып, биыл алғашқы кезеңі іске қосылды. Жобаның бірінші кезеңінде 430 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал 2026 жылдың желтоқсан айына дейін зауыттың келесі үш кезеңі толық аяқталып, қосымша 2 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл – Түркістан облысы үшін әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан аса маңызды көрсеткіш. Жаңа жұмыс орындары халықтың әл-ауқатын арттырып, ішкі көші-қонды азайтуға, кәсіби кадрларды өңірде ұстап қалуға мүмкіндік береді.
Зауыт толық іске қосылған кезде жыл сайын 11,4 мың тонна жіп, 47,3 миллион шаршы метр мата, 2 миллион төсек-орын жабдықтары жиынтығы мен 4 миллион көрпе өндіру жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіштер отандық жеңіл өнеркәсіптің импортқа тәуелділігін азайтып, ішкі нарықты сапалы қазақстандық өніммен қамтамасыз етуге жол ашады. Сонымен қатар кәсіпорын өнімдерінің едәуір бөлігі экспортқа бағытталмақ.
Қазір Түркістан облысында импорт алмастыратын 20 жоба іске асырылуда. Бұл өз кезегінде 53 млрд.теңгеге жуық импорт тауарларын алмастыруға мүмкіндік береді. Индустриалдық аймақтарда құны 152 млрд. теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба іске асырылуда. 6 361 жұмыс орны ашылады.
Бүгінгі таңда 39 млрд. теңгені құрайтын, 50 жоба іске қосылды, 2 609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. «Turan» арнайы экономикалық аймағында 211,8 млрд. теңгеге 28 ірі жоба жүзеге асуда.

Ұқсас жаңалықтар

АУЫЛ БИЛЕРІ МЕДИАЦИЯ НЕГІЗДЕРІН МЕҢГЕРІП, РЕСМИ ҚҰЖАТТАРМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

berdaly_oraz

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЭТНОСАРАЛЫҚ БІРЛІКТІ ДӘРІПТЕГЕН «ШАҢЫРАҚ» БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ

Redaktor Arysinfo

Түркістанда жол жамылғыларын аэрация әдісімен суару жұмыстары жүргізілуде