Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында елдің даму бағыты мен ақпарат кеңістігіндегі өзгерістерге тоқталды. Президенттің айтуынша, Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты, ал бұл үдерісте сапалы ой мен терең талдаудың маңызы арта түсуде.
Президент «Turkistan» газетінің отыз жылдан астам уақыт бойы тұрақты шығып келе жатқанын атап өтіп, оны елдегі беделді басылымдардың бірі ретінде бағалады. Оның сөзінше, газеттің атауының өзі тарихи әрі мазмұндық салмағы зор. Басылым тек ішкі мәселелермен шектелмей, бүкіл түркі дүниесіне ортақ тақырыптарды көтеріп келеді, бұл – құптарлық үрдіс.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы шетелде еңбек етіп, түрлі салада жетістікке жеткен қандастар туралы жарияланымдарға ерекше қызығушылық танытатынын жеткізді. Қазақстан мен өздері тұрып жатқан елдер арасындағы байланыстарды нығайтуға үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды арнайы марапаттағанын да айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі кезеңде баспа басылымдарының рөлі қайта күшейіп келе жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, әлеуметтік желілер адамның ойлау қабілетіне кері әсер етіп, терең талдау жасау дағдысын әлсіретуде. Президент бұл құбылысты қоғам үшін алаңдатарлық үрдіс ретінде бағалап, сапалы ақпарат пен мазмұнды оқудың маңызын ерекше атап өтті.
