Сарыағашта «Өндірістік парк» аясында инвесторлармен мазмұнды кездесу өтті

Сарыағаш қаласында бой көтеріп жатқан «Өндірістік парк» аумағында өз жобаларын іске асыруды көздеген кәсіпкерлермен аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы кездесу өткізді. Жиын барысында инвесторлар тарапынан ұсынылған бастамалар тыңдалып, әр жоба жеке-жеке талқыланды. Жобаларды нақты іске асыру мерзімі 2025 жылғы 20 наурызға дейін белгіленді.

Аудан басшысы өндірістік парктің басты басымдығы – жаңа жұмыс орындарын құру және өңірдегі өндіріс саласын жүйелі дамыту екенін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір бастама нақты жоспарға сүйеніп, кезең-кезеңімен жүзеге асуы тиіс.

– Негізгі мақсат – халықты тұрақты жұмыспен қамту. Әр жоба нақты есепке құрылуы қажет. Біз өз тарапымыздан кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Арман Абдуллаев.

Кездесу қорытындысында аудан әкімі жауапты орынбасарларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау, әкімшілік кедергілерді қысқарту және жобалардың уақытында іске асуын қамтамасыз ету басты міндет ретінде айқындалды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөліміне жобаларды сүйемелдеу, кеңес беру және мемлекеттік қолдау тетіктерін ұсыну тапсырылды.

Айта кетейік, жалпы аумағы 6,5 гектарды қамтитын «Өндірістік парк» жобасы қазіргі таңда дайындық кезеңінде. Атап айтқанда, іргетас құю, жер тегістеу және инженерлік инфрақұрылымға қатысты жұмыстар жүргізілуде. Жоба толық іске қосылған жағдайда аудан экономикасына 800 миллион теңге инвестиция тартылып, 85 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Бұл Сарыағаш ауданының инвестициялық әлеуетін арттырып, кәсіпкерлік саласының дамуына серпін бермек.

Ұқсас жаңалықтар

Табиғат — ата-бабадан қалған аманат

berdaly_oraz

Түркістанда колледж студенттері арасында «Еңбек кубогы» спартакиядасы басталды

Альфия Адамбек

«Туған күн тойлап,мәз-мейрам» Алматы облысында 16 жастағы Шерзатты өлтірді деген күдікке ілінгендердің тергеу изоляторында дастархан жазған видеосы желіде тарады

berdaly_oraz