ТҮРКІСТАНДА ИМАМДАРДЫҢ БІЛІМІН ЖЕТІЛДІРЕТІН ИСЛАМ ИНСТИТУТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан қаласында қазақстандық имамдардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған Ислам институты ресми түрде ашылды. Салтанатты рәсімге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, дін саласының өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Шара барысында облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәстүрлі исламды кеңінен насихаттау және оның ғылыми-теориялық негізін нығайту жөніндегі тапсырмасының маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа институт осы бағыттағы жүйелі жұмысты күшейтіп, дін қызметкерлерінің заманауи талаптарға сай білім алуына мүмкіндік береді.
– Дәстүрлі исламды халқымыздың дүниетанымымен сабақтастыра дамыту – уақыт талабы. Осы мақсатта Діни басқармамен бірлесіп, имамдардың білімін тереңдететін арнайы оқу орнын ашып отырмыз. Институт толықтай заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталған. Бұл бастаманың Түркі әлемінің рухани орталығы саналатын Түркістанда жүзеге асуы – заңды қадам, – деді Нұралхан Көшеров.

Салтанатты жиында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы институт тыңдаушыларымен кездесіп, тағылымды дәріс оқыды. Ол дін қызметкерлерінің қоғам алдындағы жауапкершілігі мен білімнің рөліне тоқталып, жаңа оқу орнының маңызын атап өтті.


Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында 745 мешіт пен 1400-ден астам дін қызметкері жұмыс істейді. Жаңа Ислам институтының оқу ғимараты 1250 шаршы метр аумақты қамтиды. Мұнда 90 орындық оқу сыныптары, 40 орындық кітапхана, сондай-ақ жатақхана мен 45 орындық асхана қарастырылған.

Жиын соңында қатысушылар бұл бастамаға қолдау көрсеткен облыс әкімдігіне, демеушілер мен қайырымдылық қорларына алғыстарын білдірді. Ислам институты алдағы уақытта еліміздің түкпір-түкпірінен келген дін қызметкерлерінің білімін жетілдіретін маңызды орталыққа айналмақ.

Ұқсас жаңалықтар

Өңір жаңалығы: Бәйдібекте жаңа өндірістік жобалар жүзеге асуда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев егін жинау науқанына арналған кеңес өткізді

Redaktor Arysinfo

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов есін жиды – ота 4 сағатқа созылды

berdaly_oraz