Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібін дамыту және инвестициялық жобаларды іске асыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Соның нақты дәлелі – облыс орталығы маңындағы шағын өндірістік паркте капсулалы үйлер мен заманауи сэндвич-панельдер шығаратын жаңа өндірістердің іске қосылуы.
Аталған жоба 2025 жылы облыс әкімі Нұралхан Көшеров бастаған өңір делегациясының Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары барысында қол жеткізілген келісімдер аясында жүзеге асырылды. Сапар кезінде «Shandong Kamoya» зауытының өндірістік тәжірибесі мен инновациялық шешімдері зерделеніп, сол үлгі Түркістан өңірінде енгізіле бастады. Нәтижесінде бүгінде «KHAN TAU» брендімен капсулалы үйлердің өндірісі жолға қойылды.
Капсулалы ғимараттар туристік кешендерде, глэмпингтерде, қонақүйлерде, мобильді кеңселер мен модульдік тұрғын үйлер ретінде пайдалануға бейімделген. Сонымен қатар, олар көрме павильондары, дала зертханалары мен уақытша нысандар салуға да қолайлы. Өндіріс заманауи жобалау және құрастыру технологияларына негізделіп, энергия үнемдейтін әрі көпфункционалды дайын шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді.
Өңір басшысы шағын өндірістік паркке арнайы барып, нысандардың жұмысымен танысты. Облыс әкімдігінің қолдауымен салынған өндірістік ғимараттардың бірінде «BNK Group» компаниясы Қытайдың «SHANDONG CAMOVA WISDOM CULTURE TRAVEL» серіктестігімен бірлесіп, смарт-құрылыстар өндіруді іске асырған. Кәсіпорынның жылдық қуаты 200-ге дейін дайын өнім шығаруға жетеді.
Сонымен қатар, аталған компания өз өндірістік базасында сэндвич-панельдер шығаратын жоғары технологиялық желіні іске қосты. Жоба аясында тәулігіне 1 000 шаршы метрге дейін өнім өндіруге мүмкіндік бар. Бұл құрылыс саласын сапалы әрі қолжетімді материалдармен жедел қамтамасыз етуге жол ашады. Өндірілетін панельдер жылу оқшаулау, энергия тиімділігі, беріктік және өрт қауіпсіздігі талаптарына толық сәйкес келеді.
Жобалардың іске қосылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп отыр. Нәтижесінде 30-ға жуық тұрақты жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар, бұл бастама жергілікті өндірісті күшейтуге, импортты алмастыруға және құрылыс саласындағы сұранысты отандық өнім есебінен қамтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Түркістан қаласы маңында жалпы аумағы 100 гектарды құрайтын шағын өнеркәсіптік парк жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында 152 өндірістік ғимарат салу және 6 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазіргі таңда бірінші кезеңде 40 ғимарат пайдалануға беріліп, ондаған өндіріс орны жұмысын бастаған.
