Түркістан облысы әкімі мен оның орынбасарлары бекітілген кестеге сәйкес азаматтарды жеке қабылдауды тұрақты түрде өткізіп келеді. Осы ретте облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев тұрғындарды жеке қабылдап, көтерілген мәселелер мен ұсыныс-пікірлерді тыңдады.
Қабылдауға салалық басқарма басшылары мен жауапты мекемелердің өкілдері қатысып, әрбір өтініш бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нақты шешу жолдарын қарастырды.
Қабылдау барысында азаматтар бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, Түлкібас ауданындағы Састөбе кентінің тұрғындары орталық кәріздік тазалау имаратының істен шығуына байланысты алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ егістік жерлерді жайылымдық жер санатына ауыстыру, заңсыз әрекеттерге жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы өтініштер айтылды.
Бұдан бөлек, тазалық жұмыстарын күшейту, кенттегі бала санының артуына байланысты 900 орындық мектеп салу мәселесі де тұрғындар тарапынан көтерілді.
Еркебұлан Дауылбаев барлық өтініштер назарға алынатынын атап өтіп, жауапты басқармаларға әр мәселені заң аясында жан-жақты зерделеп, нақты ұсыныстар мен шешу жолдарын әзірлеуді тапсырды. Оның айтуынша, экологиялық қауіпсіздік, мемлекеттік қаражаттың тиімді әрі заңды жұмсалуы және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелері облыс басшылығының тұрақты бақылауында болады.
Айта кетейік, азаматтарды жеке қабылдауға жазылу жұмыстарын Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүзеге асырады. Қабылдауға egov.kz порталы, е-Өтініш бірыңғай базасы арқылы немесе Азаматтарды қабылдау орталығына барып, жазбаша өтініш қалдыру арқылы жазылуға болады.
