Түркістан облысында этносаралық ахуал тұрақты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен өткен жиында ауылдық елді мекендерде шаруашылық қызмет арқылы этносаралық келісімді сақтау және әлеуметтік тұрақтылықты күшейту жолдары талқыланды. Күн тәртібінде Келес ауданындағы қазіргі жағдайға да ерекше назар аударылды.
Жиында тұрғындарға ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігі мен теңдігін түсіндіруді күшейту, жұмыссыздықты азайту және жастарды еңбекке, спорт пен мәдени шараларға тарту қажеттігі айтылды. Өңір басшылығы қолдау тетіктерінің ашық әрі әділ жүзеге асуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Облыста 89,4 мың агроқұрылым жұмыс істейді, бұл республика бойынша көрсеткіштің 31 пайызы. Жыл сайын шамамен 30 мың АӨК субъектісіне қолдау көрсетіледі. 2025 жылы тоғыз бюджеттік бағдарлама аясында 22,3 мың субъект қолдау алды. Ал 2023–2024 жылдары «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 25,6 млрд теңгеге 3864 жоба қаржыландырылып, оның 17 пайызы өзге этнос өкілдерінің үлесіне тиесілі болды.
Көпэтносты ауылдарда бірлескен шаруашылықтар құрылып, кооперация мен өзара көмек нығайып келеді. Бұл әлеуметтік тұрақтылықты арттырып, ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға ықпал етуде. Мемлекеттік қолдау шаралары заңдылық, әділдік және ашықтық қағидаттарына негізделген.
Жиын барысында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев ауданда этносаралық қатынастардың тұрақты екенін мәлімдеді. Ауданда 132 мыңнан астам халық тұрады, 20-дан аса этнос өкілдері өмір сүреді. Сондай-ақ өзбек, түрік, түркмен және ұйғыр этномәдени бірлестіктері белсенді жұмыс істеп келеді.
